ҰҚК Павлодардың бас санитарлық дәрігеріне қатысты тергеуді растады
Павлодар қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасын 15 жылдан астам басқарған Александр Сафяниковқа қатысты тергеу жүріп жатыр. Ол кәсіпкерден 400 мың теңге пара алды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Politico.kz.
Сафяниковтың ұсталғанын бұған дейін журналист Болат Аманбаев хабарлаған. Оның мәліметінше, басқарма басшысы құқық қорғау органдарымен процестік келісім жасасқан.
Журналист Сафяников басқаратын мекеменің ғимараты 1959 жылдан бері күрделі жөндеу көрмегенін де жазған. Ғимаратта көгершіндер ұя салып, егеуқұйрықтар мен тышқандар көбейген. Сол кезде облыстың бас санитарлық дәрігері Батырбек Әлиев әріптесіне ескерту берумен шектелген.
Аманбаевтың пайымынша, қарамағындағы қызметкердің жемқорлық ісіне ілігуіне байланысты Әлиевтің өзі де қызметінен айырылуы мүмкін.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында тергеу жүріп жатқанын растады.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деді ҰҚК.
Комитет пара сомасы мен процестік келісім туралы мәліметті нақтыламады.
Соңғы жаңалықтар