"Кету - өз шешімім": Рүстем Жүгінісовтің бұрынғы әйелі желідегі қауесеттерге нүкте қойды
Өнерді тастап, дін жолына бет бұрған әнші Рүстем Жүгінісовтің бұрынғы жұбайы Айжан Қырықбай көпшілікке арнап мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасында бұрынғы күйеуімен арадағы қарым-қатынасына қатысты пікір білдіріп, өзін онымен байланыстырмауды сұрады:
«Негізі, үндемей-ақ қояйын десем де, болмай тұр. Бұрынғы жұбайым екеуміз ажырасып кеткенімізге біраз уақыт болды. Сондықтан мені ол кісімен байланыстырып, әйелдерінің қатарына қоспауларыңызды сұраймын!», — деп жазды ол.
Сонымен қатар Айжан Қырықбай көпшілік арасында тараған «төрт баласымен тастап кетті» деген қауесетті жоққа шығарып, ажырасу өз шешімі болғанын жеткізді:
«Сондай-ақ, «төрт баласымен тастап кетті» деген сөздерді жазбауларыңызды өтінемін. Кету – менің өз шешімім! Және бұл шешіміме өкінбеймін. Әркім өз адамымен бақытты болсын! Алдағы уақытта ол кісімен бірге түскен қандай да бір видео көрсеңіздер, ондағы әйел мен емес екенін ескеріңіздер», — деді Айжан Қырықбай.
Сөз соңында ол бұрынғы күйеуінің жеке өміріне қатысты сұрақтардан шаршағанын айтып, бұл тақырыпты біржола жабуға шақырды:
«Неше әйелі бар?» деп те сұрамаңыздар. Жартысын білсем де, жартысын білмеймін! Шынымды айтсам, осы әңгімеден шаршадым. Сондықтан осы тақырыпты біржола жабайықшы! Рүстем мен Айжан деген жұп енді жоқ!», — деп түйіндеді жазба авторы.
Соңғы жаңалықтар