Қостанай облысында кент әкімі 54 жасында қайтыс болды
Қостанай облысындағы Сарыкөл кентінің әкімі Сергей Горшенин 54 жасында дүниеден өтті. Ол кентті 2019 жылдың тамызынан бері басқарып келген, деп хабарлайды Politico.kz.
Сарыкөл ауданының әкімдігі марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
«Сергей Витальевич ұзақ жылын халыққа қызмет етуге, туған кентінің дамуына арнады. Ол біздің жадымызда жауапты басшы, жанашыр әріптес, өз міндетіне адал адам ретінде қалады», – делінген әкімдік хабарламасында.
Сергей Горшенин 1971 жылы 17 желтоқсанда Ресейде дүниеге келген. 2005 жылы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1989 жылы кеңшарда құрылыс жұмысшысы болып бастаған. 1996–2015 жылдары ішкі істер органдарында қызмет еткен. Кейін Сарыкөл ауданындағы Краснознамен ауылдық округін, ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін басқарған.
2019 жылдың 26 тамызында Сарыкөл кентінің әкімі қызметіне кіріскен.
Әкімнің неден қайтыс болғаны айтылмады.
Соңғы жаңалықтар