Алматыда полицейлер есірткіге тәуелді адамдардан ақша бопсалады деген күдікке ілінді

14.09.2026 20:16 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Алматыда полицейлер есірткіге тәуелді адамдардан ақша бопсалады деген күдікке ілінді
168
ЖИ арқылы жасалған сурет

Алматыда полицейлер есірткіге тәуелді адамдардан ақша бопсалады деген күдікпен ұсталған, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, іс бойынша барлығы 8 адам ұсталған. Олардың 4-еуі полицияда қызмет еткен, қалған 4-еуі әр уақытта жұмыстан шығарылған. Барлығы бұрын есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бөлімшесінде жұмыс істеген.

Бұған дейін ұстау шарасын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Алматы қаласы бойынша департаменті мен Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік департаменті бірлесіп жүргізгені хабарланған.

Politico.kz осы ақпаратқа байланысты ҰҚК-ге сауал жолдады. Комитет сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады, бірақ істің өзге мән-жайын жарияламады.

«ІІМ жеке қауіпсіздік бөлімшесімен өзара әрекеттесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген бөлімше бастығы Олжас Бектенов қол қойған жауапта.

Козачковтың жазуынша, екі департаментке бір топ адамның есірткіге тәуелді адамдардан тұрақты түрде ақша бопсалайтыны туралы ақпарат түскен. Олар жасырылған есірткіні алып кетуге келгендерді аңдып, кейін ұзақ мерзімге сотталатынын айтып қорқытқан.

Журналистің түсіндіруінше, тыйым салынған заттарды қолданатын адамдарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанымен, ең аз мөлшердегі есірткімен ұсталғандарды түрмеге отырғызбайды. Ал жанынан көп мөлшерде есірткі табылған адам бірнеше жылға сотталуы мүмкін екенін жазған.

Козачковтың мәліметінше, күдікке ілінгендер осыны алға тартып ақша талап еткен, ал қорыққан адамдар төлеуге келіскен. Бірі бостандықта қалу үшін 500 мың, енді бірі 1 млн берген. Әзірге зардап шеккен 10 адам бар, олардың төлеген сомалары әртүрлі.

Журналист ұсталғандардың әрекеті қандай қылмыс ретінде қаралатыны әзірге белгісіз екенін атап өтті. Оның жазуынша, оларға бопсалаумен қатар ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу бойынша да айып тағылуы мүмкін. Мұндай жағдайда 12 жыл немесе одан да ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы ықтимал дейді Козачков.

Журналист бұған дейін Алматыда синтетикалық есірткі өндірушілерге қамқорлық жасаған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталғанын да еске салды. Тергеу нұсқасы бойынша, топты қалалық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары Асқар Джетегенов басқарған. Ол 18 жылға бас бостандығынан айырылған, сыбайластары да ұзақ мерзімге сотталған.

Войдите, чтобы оставить комментарий