Алматыда түнгі рейд: 47 жасөспірім полицияға жеткізілді

06.05.2026 21:05 Қарақат АСЫЛОВА
Алматыда түнгі рейд: 47 жасөспірім полицияға жеткізілді
990
Вибеодан кадр
Алматыда түнгі уақытта жасөспірімдерге қарсы рейд ұйымдастырылды

Алматы қаласында түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы рейд жүргізілді, деп хабарлайды Politico.kz.  

Шара барысында түнде заңды өкілдерінсіз көшеде жүрген және ойын-сауық орындарында болған жасөспірімдер анықталды. Полиция мәліметінше, барлығы 47 кәмелетке толмаған жасөспірім бөлімшеге жеткізілген. Оның ішінде 10-ы басқа өңірлерден келген, олар уақытша Балаларды қолдау орталығына орналастырылды.

Рейд барысында компьютерлік клубтарға ерекше назар аударылды. Үш ойын-сауық орнында сағат 22:00-ден кейін ересектерсіз жүрген 10 жасөспірім анықталған.

Тексеру нәтижесінде аталған мекемелердің иелеріне қатысты материалдар жиналып, заң аясында шара қолданылмақ. Сонымен қатар, балаларын бақылаусыз қалдырғаны үшін ата-аналар мен заңды өкілдер де жауапкершілікке тартылды.

Жалпы, рейд қорытындысы бойынша 38 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Құқық қорғау органдары мұндай шаралар жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий