Риддерде көпбалалы отбасыларға берілген үйлерде тұру мүмкін емес
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында көпбалалы отбасыларға берілген үйлер үлкен мәселеге айналды, деп хабарлайды Politico.kz сайты HALYQSTAN-ға сілтемемен.
2024 жылы «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында қоныстандырылған 20 отбасы бүгінгі күні баспананың жағдайына наразы. Тұрғындардың айтуынша, жаңа деп берілген үйлерде тұру қиын. Бөлмелерде желдету жүйесі жоқ, соның салдарынан үнемі ылғал жиналып, қабырғаларда көгеру пайда болған. Үй ішіндегі заттар бүлініп, жағымсыз иіс шыққан. Көпбалалы отбасылардың балалары жиі ауырып жатқанын ата-аналар алаңдаушылықпен жеткізуде.
Белгілі болғандай, үйлерді жеке кәсіпкер «Түменбаев» ЖК салған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай жеке тұрғын үйлерді салу кезінде қатаң техникалық бақылау талап етілмейді. Бұл өз кезегінде құрылыс сапасына әсер еткен болуы мүмкін. Соған қарамастан, үйлер кейін мемлекеттік қаражатқа сатып алынған.
Тұрғындар көтерген тағы бір мәселе — инженерлік олқылықтар. Олардың сөзінше, іргетасқа су өтіп, едендер сыз тартады, шатырлар дұрыс оқшауланбаған. Пеш орнатылған бөлмелерде түтін шығатын жүйе қарастырылмаған. Ал кәріз жүйесінің орнына орнатылған септиктер батпақты жерде тез толып қалады, сондықтан оларды жиі тазалауға тура келеді. Сонымен қатар, электр кернеуінің тұрақсыздығы салдарынан тұрмыстық техникалар жиі істен шығуда.
Екі жылдан бері тұрғындар жергілікті билікке шағымданып келеді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі үйлерде бірқатар кемшіліктер барын растады. Қазіргі уақытта мердігерге ақауларды жою туралы талап қойылған, алайда нақты мерзімі белгісіз.
Мамандардың айтуынша, мұндай жеке тұрғын үйлер мемлекеттік бақылауға толық кірмейтіндіктен, тексеру жүргізу шектеулі.
Айта кетейік, бұл баспаналарда тұратын отбасылар үйлерді жалға алып отыр. Олар ай сайын шамамен 11 300 теңге және коммуналдық төлемдер төлейді. Үйлердің бағасы жоғары болғанымен, қазіргі жағдайына байланысты тұрғындар оларды жекешелендіруге асығар емес.
Соңғы жаңалықтар