Алматыда жалған дәрі шығаратын жасырын өндіріс әшкереленді

24.06.2026 23:34 Қарақат АСЫЛОВА
Алматыда жалған дәрі шығаратын жасырын өндіріс әшкереленді
224
Қазақстандықтар ішіп жүрген дәрілердің арасында жалғаны болуы мүмкін

Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті дәрі-дәрмек контрабандасымен айналысты деген күдікке ілінген төрт фармацевтикалық компанияның заңсыз әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Politico.kz.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер көрші елдерден дәрілік препараттарды заңсыз тасымалдап, оларды дәріханалар желісі арқылы сатқан. Сонымен қатар Алматыда контрафакт дәрі-дәрмек өндіретін жасырын цех жұмыс істеген.

Құқық қорғау органдары жүргізген арнайы операция барысында бірнеше қойма мен заңсыз өндіріс орны анықталды. Полицейлердің айтуынша, дәрілер антисанитарлық жағдайда дайындалған және адам денсаулығына қауіп төндірген.

Тергеу барысында фармацевтикалық бақылау департаментінің кейбір қызметкерлері де күдікке ілінді. Оларға заңсыз қызметті ақша үшін қорғады деген айып тағылып отыр.

Алдын ала есеп бойынша, қылмыстық схемаға қатысушылар өткен жылы мемлекетке 800 миллион теңгеден астам салық төлемеген. Тінту кезінде ірі көлемдегі ақша, өндірістік құрал-жабдықтар, шикізат және ондаған мың қаптама жалған дәрі тәркіленді.

Қазіргі уақытта ұйымдастырушылар мен күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Войдите, чтобы оставить комментарий