Қазақстанда автокөліктерге жаңа мемлекеттік нөмір түрі енгізіледі
Қазақстанда электрокөліктерге арнайы мемлекеттік нөмірлік белгілер беріледі, деп хабарлайды Politico.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойды.
Жаңа нормаға сәйкес, электрокөліктерге арналған арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлері енгізіледі. Нөмірдің нақты дизайны мен түсі әзірге бекітілмегенімен, Ішкі істер министрлігі халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, олардың жасыл түсті болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда жол камералары мен автоматтандырылған жүйелер электрокөліктерді іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерден ажырата алмайды. Соның салдарынан тегін автотұрақ, арнайы зарядтау орындары және басқа да жеңілдіктерді ұсыну кезінде қиындықтар туындайды.
Жаңа нөмірлер электрокөліктерді автоматты түрде тануға мүмкіндік беріп, бақылау жүйелерінің жұмысын жеңілдетеді. Алайда заң күшіне енгеннен кейін алғашқы арнайы нөмірлерді беру үшін шамамен алты ай уақыт қажет болады. Осы кезеңде ІІМ қажетті стандарттар мен ережелерді әзірлейді.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2026 жылдың мамыр айының басында Қазақстанда 24 мыңнан астам электрокөлік тіркелген.
Сонымен қатар жаңа заң елде жүргізушісіз көліктердің, автоматтандырылған пойыздардың және аэротаксилердің жұмысын құқықтық тұрғыдан реттеуге жол ашады. Құжатта алғаш рет жүргізушісіз көлік, жүргізушісіз көлік жүйесі, қашықтан басқарушы оператор, вертипорт және қалалық әуе мобильдігі секілді ұғымдар енгізілген.
Заң ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң күшіне енеді.
Соңғы жаңалықтар