Алматыдағы театрға Асанәлі Әшімовтің есімі берілді
Алматыдағы «Жаңа ғасыр» театры бұдан былай Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің атымен аталып, жаңа логотип жасауға арнайы байқау басталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Алматы қаласындағы «Жаңа ғасыр» театрына КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің есімі берілді. Бұл шешім өнер қайраткерінің шығармашылық мұрасын сақтап, оны әрі қарай насихаттау мақсатында қабылданып отыр. Енді мәдениет ошағы «Асанәлі Әшімов театры» деп аталады. Театр ұжымы дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре отырып, көрерменге мазмұнды қойылымдар ұсынуды жоспарлап отыр.
Осы өзгеріске байланысты театрдың жаңа логотипін жасауға байқау жарияланды. Қойылатын басты шарттың бірі - дизайнда актердің арнайы қолтаңбасы көрініс табуы тиіс. Жұмыстар 1 мамырға дейін қабылданады, ал жеңімпазға 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі.
Еске сала кетейік, өнер қайраткері 2025 жылдың 21 желтоқсанында 88 жасында дүниеден өткен болатын. Ол 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысында туған. Театр институтында кәсіби білім алған соң еңбек жолын Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында бастады. Асанәлі Әшімов актер, режиссер, сценарист әрі ұстаз ретінде еңбек етіп, «Атаманның ақыры» мен «Транссібір экспресі» фильмдеріндегі рөлдерімен ел есінде қалды.
Соңғы жаңалықтар