Ербол Мырзабосыновтың атынан жалған мәлімдеме тарады
Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың атынан шетелдік әлеуметтік желілерде жалған мәлімдеме тарап жатыр. Жазбалар бірнеше тілде жарияланып, мыңдаған қаралым жинаған. Алайда министрдің мұндай мәлімдеме жасамағаны белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы (JAQ) хабарлады.
Орталықтың мәліметінше, министрге телінген жазбалар X және Bluesky әлеуметтік желілерінде орыс, чех және ағылшын тілдерінде жарияланған. Оларды таратқан қолданушылардың арасында Шығыс және Орталық Еуропаның бірнеше елінде орналасқан аккаунттар бар.
X желісіндегі алғашқы жазбаның өзі бірнеше сағат ішінде 12 мыңнан астам қаралым жинаған. Оны 200-ден астам адам қайта бөліскен.
Мамандар бірдей мазмұндағы ақпараттың бірнеше тілде қатар таралуына назар аударған. Орталық мұны жалған мәліметтің алдын ала ұйымдастырылып таратылғанын көрсететін белгі деп бағалап отыр.
Бұл мәселеге Қазақстан хоккей федерациясы да араласты. Федерацияның атқарушы директоры Рүстем Ибраев тараған ақпаратты ресми түрде теріске шығарды.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мұндай жазбалар арқылы Қазақстанның ресми ұстанымын бұрмалап, халықаралық шиеленісті әдейі күшейту көзделуі мүмкін екенін ескертті.
Орталық әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерді ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырды.
Соңғы жаңалықтар