Болат Назарбаевтың бұрынғы базары енді мемлекетке тиесілі

Болат Назарбаевтың бұрынғы базары енді мемлекетке тиесілі
Фото: BesMedia

Бір кездері Болат Назарбаевқа берілген Алматы облысындағы ірі автобазар енді мемлекет меншігінде. Әңгіме Қарасай ауданында орналасқан «Барыс» автобазары туралы. Оның 36,7 гектардан астам жері мемлекетке қайтарылған, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Қарасай ауданы әкімінің аппараты Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Әкімдіктің хабарлауынша, Қарасай аудандық сотының 2023 жылғы 17 сәуірдегі №00.23.1952-2/249 және 2023 жылғы 1 сәуірдегі №00.26.1993-2/781 шешімдеріне сәйкес, «Барыс» автобазарының жалпы аумағы 36,7316 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне өткен. Жер телімі тиісті мемлекеттік жер қорына енгізілген.

Бұл жердің мемлекетке қалай қайтарылғанына тоқталсақ, дау бірнеше жыл бұрын басталған.

Алматы облысының жер қатынастары басқармасы бұған дейін автобазар орналасқан жерлердің 2004–2018 жылдары Болат Назарбаевқа заң талаптарын бұза отырып берілгенін хабарлаған.

Атап айтқанда, жер телімдері конкурс өткізілмей бөлінген. Оның үстіне ауыл шаруашылығына арналған жерлердің нысаналы мақсаты заңсыз өзгертілген.

Осыдан кейін Қарасай ауданының прокуратурасы 2023 жылғы 10 қаңтарда сотқа жүгініп, жерді мемлекетке қайтаруды талап еткен.

Сол жылдың 17 сәуірінде сот 11,5 гектар жерді ауданның жер қорына қайтару туралы шешім шығарды. Кейін прокуратура «Auto market Karasay» ЖШС-нің иелігіндегі қалған 25,5 гектардан астам жерді де қайтару үшін тағы бір талап арыз берген.

Енді аудан әкімдігі автобазар аумағының мемлекет меншігіне толық өткенін растады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу