Алуа Қонарова: Еркектің қол көтергенін "норма" деп қабылдаған кездерім болды
Танымал продюсер Алуа Қонарова балалық шағында және өз отбасында болған тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтып берді. Ол бастапқыда бұл жағдайды қалыпты құбылыс деп санағанын жеткізді. Бірақ кейін мұндай әлімжеттікке шыдауға болмайтынын түсініп, бұл қарым-қатынасқа нүкте қойған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол Аман Тасығанның TalkLike бағдарламасында айтты.
«Маған жастар да, басқалар да әрқашан харизмамның мықты екенін айтатын. Бойымда адамдардың назарын баурап алатын ерекше харизма бар екен. Кезінде мұны толық түсіне бермейтінмін. Ал консерваторияға оқуға түскенде, дирижирлеу сабағынан берген сүйікті оқытушым: «Бойыңда үлкен харизма мен ерекше мықты энергетика бар», – деп жиі айтатын», – деді Алуа Қонарова.
Ары қарай ол зорлық-зомбылықтың өзі үшін өте ауыр әрі жанды тақырып екенін жасырмады. Жеке басынан өткен бұл оқиғалар жүрегінде өшпес дақ қалдырғанын ашық білдірді.
«Жалпы, мен бұл тақырыпты тіпті «Не молчи» қоры құрылғанға дейін алғашқылардың бірі болып көтерген едім. Себебі мұның бәрін балалық шағымда өзім де бастан кешірдім. Жіпке тізгендей егжей-тегжейлі айтқым келмейді, бірақ бұл – жаныма батып, жүрегімді ауыртатын тақырып. Анамды әрдайым неге қамқорлыққа бөлегім келетінін түсіндірейін. Оның өмірі өте ауыр болды. Тұрмыста болған жылдары бір сәт те бақытты болмаған сияқты болып көрінеді. Содан бері көкейімде бір қорқыныш қалып қойған, сондықтан оны әлі күнге дейін қорғап, сақтап жүргім келеді. Өкінішке қарай, осындай жағдай болды. Сондықтан тұрмыстық зомбылық тақырыбы маған өте ауыр тиеді», – деді продюсер.
Алуа Қонарова бір кездері зорлық-зомбылықты норма деп қабылдағанына тоқталды. Бұған өзіндік себептер де бар. Себебі бала кезде өз отбасындағы әлімжеттікті көріп өскендіктен, бұл жағдайды қалыпты құбылыс деп санаған.
«Үй ішіндегі әлімжеттік қай заманда да, қай елде де болған. Тек қазір қыздар мен әйелдер үндемей қалуды қойды, шыдауды тоқтатты. Ал бұрын «Тұрмысқа шықтың ба – шыдау керек, ажырасқан ұят болады» деген түсінік басым еді. Ондайды қоғам айыптаушы еді. Сондықтан қазір заманның өзгергеніне, әйелдердің бұған шыдамай, мұндай қарым-қатынасты үзе бастағанына қуанамын. Себебі мұндай сұмдыққа шыдауға мүлдем болмайды. Өкінішке қарай, бұл жағдай өз басымда да болды. Отбасымда осындай көріністі көріп өскендіктен, оны қалыпты жағдай шығар деп ойлайтынмын. Бір жылдан кейін мұны анам байқап қалып: «Бұлай етуге болмайды, өзіңе мұндай қарым-қатынасты жасауға жол берме», – деп тоқтатты. Әрине, менің де мінезім жібек емес. Біреу бірдеңе десе, мен де жауапсыз қалмаймын. Тыңдап, үнсіз шыдап отыратын адамдардың қатарынан емеспін. Маған қол көтерсе, мен де аянып қалмаймын, бірдей жауап беремін. Осындай сәттер болғандықтан, біздің отбасылық қарым-қатынасымыз баянды болмады», – деп қосты Алуа Қонарова.
Соңғы жаңалықтар