«Анам -адай, жүрегім – қазақ»:Нидерланд құрамасының спортшысы қазақтың жиені болып шықты

«Анам -адай, жүрегім – қазақ»:Нидерланд құрамасының спортшысы қазақтың жиені болып шықты
10.09.2025 12:56
0
158
instagram.com/sean_niewold

23 жастағы Нидерланд жүзушісі Шон Ниволд – ел чемпионатында бірнеше мәрте топ жарған дарын. Бірақ ол тек голланд спортшысы ғана емес, анасы арқылы қазақтың ұлы. Спортшының өзі: «Жүрегімнің бір бөлігі – Қазақстанда» дейді, деп хабарлайды POLITICO.KZ  1bol.kz  сайтына сілтеп.
Шонның анасы – Атыраудан шыққан Эльмира есімді қазақ қызы. Ол болашақ жары, Шонның әкесімен жұмыс бабымен шетелде танысқан. Шон Нидерландта туып-өскен, қазір 50 және 100 метр қашықтықта елдің үздік жүзушілерінің бірі. Тіпті, 2024 жылы Париж Олимпиадасында бақ сынаған.


«Әкем – голланд, анам – қазақ. Бірақ менің мінезімді қалыптастырған – анам. Сондықтан өзімді екі мәдениеттің өкілі санаймын. Қазақтығымды мақтан етемін. Жүрегім – қазақ», – дейді Ниволд.

Шон Қазақстан туы бейнеленген киім киіп, ұлттық әуендерді тыңдайды. Анасынан қазақтың дәстүрі мен тарихын үйренген.


«Анам – Адай руынан. Ол ата-бабамыздың қайсарлығын жиі айтатын. Бұл маған рух береді. Жарыстарда Қазақстан туралы мақтанышпен айтып жүремін. Өзімді командамда кішкентай елші сезінемін», – дейді спортшы.

Ол қазақ тағамдарын да ұмытпаған: бауырсақ, қазы-қартасы бар бешбармақ – сүйікті асы.

«Үйіміз кішкентай Қазақстанға айналып кететіндей сезімде боламын», – дейді ол.

Шон бала күнінде футбол, баскетбол, тенниспен айналысқан, бірақ жүзуде ерекше еркіндік тапқан. Кумирі – Майкл Фелпс.

2024 жылғы Париж Олимпиадасын ол:

«Бала арманымның орындалуы. Әлемнің мықтыларымен бірге жүзу – баға жетпес тәжірибе» деп сипаттады.

Әлеуметтік желілерде тараған видеосынан кейін Шонға Қазақстаннан көптеген жанкүйер жазылған.

«Мені «жиеніміз, бауырымыз» деп қолдап жатқандарды көру – үлкен қуаныш», – дейді ол.

Қазақстанға келуге ниетті екенін де жасырмайды:


«Жақында елге барып, туыстарымды көріп, жас спортшыларға шеберлік сабағын өткізгім келеді».

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий