Әнші Бүркіт қатысқан той кезінде өрт шықты

Танымал әнші Бүркіт (Айбек Жансейітов) Шымкентке барған сәтінде күтпеген жағдайға тап болды. Бұл туралы POLITICO.KZ Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Шымкенттегі тойханалардың бірінде болған. Әнші Instagram парақшасында түтінге оранған ғимараттың видеосын бөлісті. Видеодан тойхана маңын қою қара түтін басып, адамдардың сыртқа жаппай шығып жатқаны көрінеді.
Бүркіттің айтуынша, ол ұшақпен Шымкентке келіп, тойханаға барған сәтте сырттан түтін байқалған. "Адамдар аман. Аллаһым амандығын берсін. Тұрақта көлік жанып кетті дей ме, сондай бір жағдай. Елдің бәрі далада жүр", – деп жазды әнші.
Оқиға нақты қалай орын алғаны әзірге белгісіз. Дегенмен, желі қолданушылары бұл жағдайға бей-жай қарамай, той иесіне тілектерін білдіріп жатыр.
"Той иесіне сабыр берсін, әр нәрсенің қайыры бар деген", "Келген бәле сонымен кетсін", "Қаншама күн дайындалған тойы осылай бұзылғаны өкінішті" деген пікірлер желіде жиі жазылды.
Айта кетейік, жуырда ғана Бүркіт әйелін перзентханадан ешкімге жария етпей алып шыққан болатын. Келіні мен немересін қарсы алған әншінің анасы Айша Көпжасарова сол сәтте толқып, көз жасына ерік берген.
Соңғы жаңалықтар




