Әнші мен басшы арасындағы дау қалай татуласумен аяқталды

Әнші мен басшы арасындағы дау харассмент мәселесін қайтадан көтерді
Танымал әнші Наркенже Серікбаева өзі жұмыс істейтін Түркістан филармониясының басшысы Ғалымжан Ерназаровты "маған анайы ұсыныс айтып, қысым көрсетті" деп айыптады. Ғалымжан Ерназаров бұл айыптауды жоққа шығарды. Кейінірек екі тарап татуласқаны жөнінде мәлімдеме жасады. Бұл дау қоғамда харассмент тақырыбына қызу пікірталасқа түрткі болды.
Әнші мен басшының өзара айыптауы және татуласуы
23 маусым күні кешке желіде тараған видеода әнші Наркенже Серікбаева Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының басшысы Ғалымжан Ерназаровты "жұмыс орнында жөнсіз қысым көрсетті, анайы ұсыныс айтты" деп айыптады.
Наркенже Серікбаева видеода: "Жалғыз мен емес, жалпы қазақтың қыздарының бәрі сондай басшылардың қоластында кетіп бара жатыр. Басшылардың қолжаулығы болып кетіп бара жатыр", – деді. Ол өзіне "концертке қатыспайсың, сенің киімің жоқ" деп қысым көрсетілгенін, сонымен қатар Ғалымжан Ерназаровтың өзіне қатысты "махаббат жайында әңгіме айтып, ұят та болса айтайын, менің алдыма келіп отыр, сені иіскеуім керек" деген ұсыныстар айтқанын жеткізді. Әнші бұл қысымның соңында өзін сахнадан шеттеткенін айтты.
Әнші бұл жанайқайын билік өкілдеріне жеткізу үшін Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және басқа да ведомстволардың аккаунттарын белгілеген. Әншінің бұл үндеуі желіде қызу пікірталас туғызып, миллиондаған қаралым жинады.
Наркенже Серікбаеваның үндеуі тарағаннан кейін көп ұзамай Түркістан облыстық филармониясының директоры Ғалымжан Ерназаров желі арқылы жауап қатты. Ол әншінің сөзін "жала" деп атап, сотқа шағым түсіргенін мәлімдеді. "Мен отбасылы, анам бар азаматпын. Маған, менің отбасыма қатты күйе жағып жатыр", – деді Ерназаров. Ол Наркенженің "жұмыстан қудалап жатыр" деген сөзінің шындыққа жанаспайтынын, өйткені оның жиі жұмысқа келмей, тойларда жүретінін айтты.
Алайда, басшы мен әнші арасындағы дау көпке созылған жоқ. 24 маусым күні түс мезгілінде Ғалымжан Ерназаров пен Наркенже Серікбаева екеуінің татуласқаны жайлы видео жарияланды. Әнші әлеуметтік желідегі парақшасынан осы дау-дамай жайлы жариялаған үндеуін алып тастады. Желіде тараған видеода Наркенже бастығы екеуін облыстық мәдениет басқармасы мен әкімдіктен құрылған арнайы комиссия татуластырғаны көрсетілген.
Наркенже Серікбаева татуласу видеосында: "Әкімшіліктен комиссия құрылып, біз, Ғалымжан мырза екеуіміз бір бірімізді түсіністік, бір бірімізден кешірім сұрастық. Осыншама қолдау білдіріп жатқандарыңызға Алла разы болсын", – деді.
Осы видеода Түркістан облыстық филармониясының директоры Ғалымжан Ерназаров көпшілікке қарата айтқан сөзінде қоғамда қызу пікірталас туғызған жайтқа байланысты кешірім сұрады. "Кешелі бері резонанс тудырған мәселе үшін кешірім сұраймыз. Әрбір үйдің мәселесі үйдің ішінде қалғаны дұрыс еді, негізі. Бірақ бүкіл елге тарап кеткеннен кейін облыстық мәдениет басқармасынан және әкімшіліктен комиссия келді. Комиссия екі тарапты тыңдады. Талаптарымызды, өтініштерімізді қарады. Ешқандай бір бірімізге қоятын мәселе жоқ. Екі жақ та келістік. Ешқандай дау-дамай, оны ушықтырудың қажеті жоқ", – деді Ерназаров.
Бұған дейін әншіні сотқа бергенін айтқан филармония басшысының шағымы сотта қарала ма, жоқ па – белгісіз, татуласу видеосында ол жөнінде ештеңе айтылмады. Сол сияқты, Наркенже Серікбаева харассмент жайлы шағыммен полиция жүгінгені я жүгінбегені де белгісіз. "Азаттық" Наркенженің пікірін сұрауға талпынып көрді, алайда әншінің өкілі өтінішке жауап берген жоқ.
Дереккөз: Радио Азаттық
Соңғы жаңалықтар





