Әнші Қарақат Әбілдина халықтан сүйінші сұрады

Белгілі әнші Қарақат Әбілдина жаңа кітабының жарық көргенін әлеуметтік желіде сүйіншіледі. «Қарақат салған қанатты ән» деп аталатын бұл туынды – жетіген аспабымен орындалатын әндерге арналған алғашқы жинақ, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Сүйінші ағайын! Мерейтойдың қарсаңында “Қарақат салған қанатты ән” кітабым жарыққа шықты! Бұл кітапта жетігенмен өзім шырқаған 32 әннің мәтіні, нотасы, QR коды мен аудиосы жинақталған. Бұл жинақ жетігенмен ән айтып үйренемін деген жас өнерпаздарға, музыка мектептеріне арналған оқу-құрал. Кәделеріңізге жарасын! Жетігенмен шырқалатын әндерге арналған алғашқы кітап құтты болсын, ағайын! Бұл да бір тарихи сәт!», – деп жазды әнші Instagram парақшасында.
Жинаққа енгізілген материалдар жас өнерпаздар мен музыка мектептеріне таптырмас әдістемелік құрал болмақ. QR код арқылы әр әннің аудионұсқасын тыңдауға болады.
Айта кетейік, биыл Қарақат Әбілдина негізін қалаған «Қарақат» мектеп-студиясының құрылғанына 15 жыл толып отыр.
Соңғы жаңалықтар





