Ақ үй: Дональд Трамп Қытаймен сауда келісіміне ашық

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытаймен сауда келісімін жасауға дайын. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт журналистерге арналған кезекті брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Пресс-хатшының айтуынша, соңғы уақытта Вашингтон тарапынан Қытайға салынған импорттық баж салығының өсуіне және Пекиннің жауап шараларына қарамастан, Дональд Трамп екі ел арасындағы сауда келісімін жасауға мүдделі.
"Президент бұл мәселеде өз ұстанымын анық жеткізді – ол Қытаймен келісімге келуге ашық", – деді Ливитт. Оның сөзінше, Трамп бұл келісімнің мүмкіндігіне оптимистік көзқараспен қарайды.
Сонымен қатар, ол Қытайдың қарсы шаралар қолдануы өзіне зиян келтіретінін ескертті:
"Егер Қытай жауаптық әрекеттерді жалғастыра берсе, бұл Қытай үшін жақсы болмайды", – деп мәлімдеді Ақ үйдің өкілі.
Баспасөз конференциясында Ливитт қазіргі уақытта Қытайдан әкелінетін тауарларға салынатын 145 пайыздық кедендік баж салығы өз күшінде қалатынын нақтылады (10 сәуірдегі көрсеткіш бойынша). Сонымен қатар, Дональд Трамп басқа мемлекеттер АҚШ-қа қатысты кедендік салықтар енгізсе, оған күшті жауап қайтаруға дайын екенін білдірді.
Соңғы жаңалықтар





