Ақмола облысында дәрігер қайтыс болды: Дәрігер өліміне қатысты тың деректер тарады
Ақмола облысында Есіл ауданының 38 жастағы тұрғыны, аудандық ауруханада жұмыс істеген дәрігер қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл ақпаратты өңірлік полиция департаменті растады.
Полиция мәліметінше, аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
«ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу барысы туралы өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады полиция.
Ал Nayza Kokshe басылымының мәліметінше, марқұм Екатерина Шлегель Алматыдағы демалысынан оралғаннан кейін Экономикалық тергеу департаментіне жауап алуға шақырылған. Ол қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде өткен.
Басылымның жазуынша, дәрігердің телефоны тәркіленген. Осыдан кейін оның көңіл күйі түсіп кеткені айтылған. Кейін ол анасының үй телефонынан әпкесіне қоңырау шалған. Келесі күні таңертең жұмысқа келмеген соң, қайғылы жағдай белгілі болған.
Аталған мәліметтерге қатысты ресми органдар әзірге қосымша түсініктеме берген жоқ. Оқиғаның нақты себептері тергеу қорытындысы бойынша анықталуы тиіс.
Соңғы жаңалықтар