Ақмолада 22 жастағы жігіт әріптесін өлтіріп, орманға көміп кеткен

Ақмолада 22 жастағы жігіт әріптесін өлтіріп, орманға көміп кеткен
08.10.2025 13:03
0
106
ашық дереккөзден

Ақмола облысында қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Сот алқасы 22 жастағы ер адамды әріптесін өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың мамыр айында болған. Жас жігіт пен оның әріптесі көлікпен бірге кетіп бара жатқан кезде араларында жанжал туындаған. Қақтығыс кезінде айыпталушы қарсыласына жарақат салып, оның қаза табуына себеп болған.

Кейін ер адам мәйітті орман алқабына апарып жасырған, ал бірнеше күннен соң полицияға өз еркімен келген.

Сот айыпталушының кінәсін мойындауын және өз еркімен берілгенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Нәтижесінде оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, сот шешімімен сотталушы марқұмның кәмелетке толмаған балалары мен әкесіне 14 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий