АҚШ барлау басшысы: Украина әскері жалаң қолмен де соғысуға дайын

АҚШ Орталық барлау басқармасының (CIA) директоры Джон Рэтклифф Украина қарулы күштерінің қарсылық таныту қабілеті жоғары екенін айтып, қажет болса олар жалаң қолмен де соғысуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Азаттық Радиосына сілтеме жасап.
Бұл туралы ол АҚШ Сенатындағы тыңдау кезінде айтты, CNN телеарнасы оның сөзін тікелей эфирде көрсетті.
Рэтклифф өз мәлімдемесінде Ресейдің соғыс алаңында белгілі бір артықшылығы бар екенін және баяу болса да алға жылжып жатқанын мойындады. Дегенмен, оның пікірінше, Украина халқы мен армиясының қарсылық көрсету мүмкіндігі көп жылдар бойы төмен бағаланып келген.
«Украина қарулы күштері қажет болса, тіпті жалаң қолмен соғысқа шығуға дайын екенін көріп отырмыз. Бұл – біздің бақылауларымыз бен барлау мәліметтерімізден алынған қорытынды», – деді Рэтклифф.
CIA басшысы АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинадағы соғысты ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатумен аяқтауға мүдделі екенін де атап өтті. Оның сөзінше, Трамп Ресейдің жеңісі АҚШ үшін де, Батыс үшін де үлкен қауіп екенін жақсы түсінеді.
Рэтклиффтің айтуынша, бейбіт келіссөздер барысында екі тарап та өз мақсаттарына толық қол жеткізе алмауы мүмкін, бірақ белгілі бір ортақ келісімге келуі ықтимал.
Айта кетейік, екі апта бұрын Джон Рэтклифф Ресей сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкинмен Дональд Трамп билікке келгелі бері алғаш рет телефон арқылы сөйлескен болатын. Бұл әңгіме 11 наурызда Сауд Арабиясында өткен АҚШ пен Украина өкілдерінің кездесуінде Украина 30 күндік атысты тоқтату туралы ұсыныспен келіскен кезде болған еді.
24 наурыз күні Эр-Риядта өткен АҚШ пен Ресей делегациялары арасындағы келіссөз нәтижесінде екі ел Қара теңіздегі кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күш қолданбау және коммерциялық кемелерді әскери мақсатта пайдаланбау туралы уағдаласты.
Ақ үйдің ресми мәлімдемесінде президент Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің энергетикалық нысандарға шабуыл жасамау туралы келісімді жүзеге асыру үшін арнайы шаралар әзірленетіні де айтылған.
Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров Ресей мен Украина энергетика нысандарына шабуыл жасамаған жағдайда, Украина Қара теңізде атысты тоқтатуға келісетінін растады. Кремль мұндай мораторий 18 наурыздан бастап күшіне енгенін мәлімдегенімен, Украина тарапы Ресей күштерінің бұдан кейін бірнеше рет шабуыл жасағанын хабарлаған.
Қазіргі таңда келісімдердің орындалу барысы халықаралық деңгейде бақылануда.
Соңғы жаңалықтар





