АҚШ Ресейге қарсы санкцияларды екі есеге күшейтіп, Украинаға көмекті өзгертпек

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы санкцияларды екі есеге арттыруға дайын, деп мәлімдеді АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлогг New York Post-қа берген сұхбатында.
Келлоггтың айтуынша, қазіргі АҚШ санкциялары Ресей экономикасына айтарлықтай әсер етіп жатқан жоқ. Ол санкциялардың "1-ден 10-ға дейінгі шкалада тек 3 баллдық деңгейде" екенін атап өтті.
"Санкцияларды күшейтуге мүмкіндік бар, әсіресе мұнай өндірісі мен экспортқа қатысты санкциялар арқылы", – деді Келлогг.
АҚШ-тың жаңа әкімшілігі Ресей-Украина қақтығысын тоқтату үшін барлық мүмкіндікті пайдалануды көздеп отыр. Осыған байланысты Трамп ұлттық қауіпсіздік кеңесімен кездесіп, жаңа экономикалық, дипломатиялық және әскери стратегияларды талқылаған.
Келлоггтың пікірінше, АҚШ-тың Украинаға көмегі Байден әкімшілігінің "қажетті уақытта қажетті құрал-жабдықтар бермеуі" салдарынан тиімсіз болды.
Сонымен қатар, Трамптың Украинадағы сирек кездесетін металдарға қолжетімділік бойынша келісім жасасуды қарастырып жатқаны белгілі болды. Бірақ, Келлоггтың айтуынша, Трамптың басты мақсаты – алдымен соғысты тоқтату.
"Трамп мәміле жасаудың шебері екенін бәріміз білеміз. Бірақ ең алдымен – қан төгісті тоқтату қажет", – деді ол.
Келлоггтың айтуынша, Украина мен Ресей келіссөздер үстеліне отыруға мәжбүр болады, өйткені бұл соғыс тек әскери жолмен шешілмейді.
"Тарих көрсеткендей, Ресей ұзаққа созылған соғыстарға бейім. Сондықтан тек әскери қысыммен оларды тоқтату мүмкін емес. Экономикалық және дипломатиялық санкциялар да әсер етуі керек", – деді ол.
Оның пікірінше, соғысты тоқтату үшін екі жақ та белгілі бір ымыраға келуі қажет.
Соңғы жаңалықтар





