АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдері Еуропада Украина мәселесін талқыламақ

АҚШ Украинадағы соғысты тоқтатуға мүдделі, бірақ оның қауіпсіздігіне Еуропа жауапты болуы тиіс, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уолтц NBC телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, жақында АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдері Еуропаға барып, Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөздер өткізеді. Делегация құрамында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, қорғаныс министрі Пит Хегсет, вице-президент Джей Ди Вэнс және арнайы өкіл Кит Келлогг бар.
"Президент Трамп соғысты тоқтатқысы келеді. Ол қажет болған жағдайда Ресейге қарсы салық және тарифтік санкциялар енгізуге дайын", – деді Уолтц.
АҚШ кеңесшісінің айтуынша, Вашингтон Киевке қаржылай көмек беру мәселесін қарастыруға дайын, бірақ Украина өз ресурстары арқылы шығындарды өтеуі керек.
"Бұл келіссөздер сирек кездесетін металдар, табиғи ресурстар, мұнай мен газға қатысты әріптестікке негізделеді", – деп нақтылады Уолтц.
Сонымен қатар, Уолтц Трамптың Ресей президенті Владимир Путинмен Украинадағы соғысты тоқтату туралы телефон арқылы сөйлескенін растаған да, жоққа шығарған да жоқ. Бұған дейін Кремль бұл сұраққа түсініктеме беруден бас тартқан.
9 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский Батыс елдері Украинаға қауіпсіздік кепілдігін берсе, келіссөзге дайын екенін мәлімдеген.
Соңғы жаңалықтар





