Ақталып, кейін сотталған ломбард директорының ісі кассацияға жетті

Ақталып, кейін сотталған ломбард директорының ісі кассацияға жетті
Фото Рита Утеуованың Фейсбуктегі парақшасынан

Бірі 4 миллион теңге қарыз алып, 50 миллион теңгелік баспанасынан айырылған. Енді бірі баласына ота жасатуға ақша іздеп, пәтерінен айырылып қалған. Осындай істер бойынша сотталған 47 жастағы Рита Утеуованың ісі енді кассациялық сотта қаралмақ. Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналистің жазуынша, бірнеше жылға созылған бұл істің тарихы 2016 жылдан басталады. Сол кезде Рита Утеуова заңды жұмыс істейтін «Евро Ломбард» мекемесінің директоры болған. Ақшаға мұқтаж адамдар одан қарыз алған. Алайда қарызға берілген сомадан әлдеқайда көп ақша құжатқа жазылып, кепілге қойылған мүлік кейін Утеуованың қолына өткен.

4 миллион теңге қарыз үшін 50 миллиондық үйінен айырылған

Мәселен, жәбірленушілердің бірі Рита Утеуовадан небәрі 4 миллион теңге қарыз алмақ болған. Бірақ Утеуова оған ақшаны жылжымайтын мүлікті кепілге қойған жағдайда ғана беретінін айтқан. Әйелдің 50 миллион теңге тұратын үйі болған.

Бұл баспана ипотекаға алынған екен. Утеуова алдымен ипотеканың қалған қарызын өз ақшасына жауып берген. Содан кейін екі әйел үйді сатып алу-сату туралы келісімшартқа қол қойған. Жәбірленушіге мұның бәрі қарыздың қайтарылуына кепілдік ретінде жасалып жатқаны түсіндірілген.

Алайда кейін Утеуова сотқа жүгініп, үйдің бұрынғы иесін баспанасынан шығартқан. Журналистің мәліметінше, бұл әрекеттен келген шығын 27 миллион теңгеден асқан.

Тағы бір жәбірленуші Утеуовадан шамамен 50 мың доллар қарыз алған. Ол кепіл ретінде достарына тиесілі үш мүліктің құжатын беріп, өз үйін де уақытша Утеуованың атына рәсімдеген. Ақырында ер адам жылжымайтын мүлкінен де, қымбат көлігінен де айырылған.

Ал үшінші әйелге баласына ота жасату үшін 7 миллион теңге қажет болған. Утеуова оған сұраған ақшасын бергенімен, қарыз туралы келісімшартқа 14 миллион теңге деп жаздырған. Оның үстіне әйелдің пәтері кепілге қойылған.

Жәбірленуші қарызды уақытында қайтара алмаған. Соның салдарынан пәтері сатылып, одан түскен ақшаның басым бөлігін Утеуова алған.

Михаил Козачковтың жазуынша, мұндай әрекет бірнеше рет қайталанған. Қаржыдан қысылған адамдарға қарыз берілгенімен, келісімшартта нақты алған ақшасынан бірнеше есе көп сома көрсетілген. Кейін Утеуова құжаттағы ақшаны толық қайтаруды талап етіп, сот арқылы борышкерлердің мүлкін иеленген.

Журналист бұл іске Утеуованың жалғыз қатыспағанын да жазады. Оған қарыз алушыларды тауып беретін, түрлі әрекеттерге қатысатын және борышкерлерге қысым көрсететін адамдар көмектескен.

Алғашында ақталып шыққан

Уақыт өте келе мүлкінен айырылған адамдар құқық қорғау органдарына шағымдана бастаған. Соның нәтижесінде алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлік және озбырлық деректері бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысында барлығы 15 эпизод анықталған.

2024 жылы іс Алматының Алмалы аудандық сотына жеткен. Алайда сот Рита Утеуованы ақтап шығарған. Кейін Алматы қалалық сотының апелляциялық сатысы да осы үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Бірақ Бас прокуратура мұндай шешіммен келіспеген.

Жоғарғы сот Бас прокурордың наразылығын қарап, ақтау үкімінің күшін жойған. Осыдан кейін іс қайта қарауға жіберілген.

Екінші рет қаралған сотта Рита Утеуова мен оның сыбайластары алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған.

Рита Утеуова 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал оған көмектескен адамдардың жазасы одан бір-бір жарым жылға қысқа болған.

Ондаған жер телімі мен төрт автокөлік

Енді бұл істі кассациялық сот қарайды. Онда сот үкімінің заңдылығы ғана емес, Утеуованың атына тіркелген мүліктің тағдыры да шешілуі мүмкін.

Михаил Козачковтың мәліметінше, тергеу кезінде Утеуованың еліміздің әр өңірінде ондаған жер телімі, басқа да жылжымайтын мүлік нысандары және төрт автокөлігі бар екені анықталған.

Ендігі мәселе осы мүліктің жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге жете ме, жоқ па дегенге тіреліп отыр.

Журналист Қазақстанда заңсыз өсімге ақша беретін адамдарды қылмыстық жауапқа тарту өте қиын екенін де атап өткен. Оның пікірінше, мұндай әрекеттерден зардап шегетіндер азаймай отыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу