Ақтаудағы арнайы орталықта бала жарақат алды: полиция тергеу бастады
Маңғыстау облысындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында төрт жасар бала соққыға жығылып, полиция бұл іске қатысты тергеуді бастады, деп хабарлайды Politico.kz.
Әлеуметтік желіде жәбірленушінің анасы ұлының аталған мекемеге бір айдай барғанын және 27 мамырда оны үйге алып келгенде арқасының көгеріп, тырналғанын байқағанын жеткізді. Ата-ананың айтуынша орталық қызметкерлері бұл жағдай туралы тек келесі күні кешке хабарлап, оқиғаны растайтын ешқандай медициналық қорытынды ұсынбаған. Сонымен қатар олар мекеме ішінде он жастағы балалардың кішкентайлармен бірге жүргеніне және санитарлық талаптардың сақталмауына, атап айтқанда тәрбиеленушілердің еденнен тамақ жеп, ортақ ыдыстан су ішетініне наразылық білдірді.
Кейін дәрігерлер баланы қарап, жарақаттардың доғал затпен салынғанын растаған. Өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы оқиға болған күні кезекші қызметкердің өз міндетіне салғырт қарауынан балалар қараусыз қалғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда арнайы комиссия құрылып, кінәлі қызметкерлер мен мекеме басшылығына қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
«Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, мекеме қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деді Маңғыстау облыстық полиция департаменті.
Соңғы жаңалықтар