Ақтаудағы бұрынғы резиденция балаларға бұйырмады
Маңғыстау облысындағы бұрынғы президент резиденциясының аумағы балалардың игілігіне берілмейтін болды, оның орнына теңіз жағасындағы 226 га жерге стадион, мешіт және тұрғын үйлер бой көтермек, деп хабарлайды Politico.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Осыдан 3 жыл бұрын еліміздің 5 өңіріндегі президент резиденцияларын балалардың қажеттілігіне беру туралы шешім қабылданған еді. Әкімдіктер бұл нысандарды балабақша, сауықтыру орталығы немесе басқа да мекемелерге айналдыруды өздері шешуі тиіс болатын.
Қазіргі таңда Жамбыл және Қостанай облыстарында арнайы балалар орталықтары ашылса, Атыраудағы нысанды су басуына байланысты әлі күнге дейін тапсыра алмай отыр. Ал Ақтөбе облысындағы резиденция орнына балалар мүлдем бармайтын болып шешілді.
Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағасында орналасқан бұрынғы резиденцияның тағдыры тіптен басқаша өрбіді. Аумағы 226 га құрайтын бұл телім кезінде жекеменшікке өтіп кеткені белгілі болған.
![]()
Жергілікті шенеуніктердің мәліметінше, аталған аумақ 2002-2004 жылдары алдымен «Маңғыстаумұнайгаз» АО компаниясына, кейін «Oil Real Estate» серіктестігіне заңсыз сатылып кеткен. Арада 20 жыл өткенде сот шешімімен құны 1 млрд теңгеге бағаланған жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Бастапқыда әкімдік бұл аумақты балаларға береміз деп уәде еткенімен, кейіннен жоспар күрт өзгеріп сала берді.
Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай бұл жерде туризмді дамытып, 10 мың адамға арналған стадион, мешіт және кәсіпкерлік нысандарын салу көзделіп отырғанын мәлімдеді.
«Бұл аумақта тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, спорттық және мәдени нысандар қарастырылған, жоба іске асқанда ол қаламыздың көркіне айналады», - деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Бүгінгі күні облыс әкімдігі бұл аумақты президент резиденциясы деп атаудан мүлдем бас тартып отыр. Ресми жауапта бұл жерде ешқашан мұндай нысан болмағаны хабарланған.

Қазір 226 га телім «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының балансына берілген. Аумақ әзірге бос жатыр, оны күтіп ұстауға немесе жөндеуге қазынадан қаражат бөлінген жоқ. Жерді игеру үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы алғанда 2023 жылы басталған бастама толықтай жүзеге аспады деп айтуға толық негіз бар. 5 резиденцияның тек 2 нысаны ғана балаларға бұйырса, Ақтөбедегі ғимарат «Қазхром» компаниясының меншігінде қалғандықтан, әкімдік оның орнына қала ішінен қарапайым психологиялық көмек орталығын ашуға мәжбүр болған.
Соңғы жаңалықтар