Ақтаулықтар ауызсудың жоқтығынан наразылыққа шықты
Ақтау қаласында ауызсу тапшылығынан шаршаған тұрғындар түнде наразылық акциясын өткізді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл жолы «Айрақты» тұрғын үй кешенінің шамамен 40 тұрғыны жиналды. Олар бірнеше ай бойы ауызсудың тұрақсыз берілуіне байланысты жергілікті биліктен түсініктеме талап етті.
"Бір жылға жуық уақыт бойы судан қиналып келеміз. Алдымен суды кестемен беріп жүрді, оған да көндік. Кейін мүлде тоқтады. Енді акиматқа баруға мәжбүр болдық," – дейді тұрғындардың бірі Жарқынай Әжіғали.
Наразылық орнына акимат өкілдері келіп, мәселені жақын арада шешуге уәде бергенімен, таңертең тұрғындар облыс әкімдігі ғимаратының алдына жиналды.
Облыс әкімдігі өкілдерінің айтуынша, наразылықтан кейін бір топ тұрғынды тұщыту зауытына апарып, су өндірісінің қалай жүзеге асатынын көрсеткен. Жергілікті билік зауыттың қуаттылығын арттыру арқылы мәселені шешуге уәде етті. Алайда тұрғындар бұл жоспардың тиімділігіне күмәнмен қарайды.