Ақтөбеде бұрынғы сүйіктісін интимдік видеомен бопсалаған ер адам ұсталды
Ақтөбе қаласында бұрынғы қызын интимдік бейнежазбаларын таратамын деп қорқытып келген 38 жастағы ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Жәбірленуші полицияға арызданып, көрші облыста тұратын бұрынғы танысы келісімсіз түсірілген видеоларды пайдаланып өзіне ұдайы психологиялық қысым көрсеткенін жеткізген. Осы шағымнан кейін өңірлік ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктіні қолға түсірді.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша жеке өмірге қол сұғу бабымен сотқа дейінгі тергеу басталып, ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына жабылды. Тәртіп сақшылары оның өзге де құқықбұзушылықтарға қатысы бар-жоғын мұқият тексеріп жатыр.
Өз кезегінде құзырлы орган өкілдері жеке өмірге қатысты ақпаратты тарату немесе бопсалау үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп, мұндай жағдайға тап болған тұрғындарды дереу полицияға хабарласуға шақырды.
Соңғы жаңалықтар