Ақтөбеде пара алған шенеунік айыппұлмен құтылды
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы жер қатынастары бөлімінің басшысы Медет Дүйсенбайұлы Бердалин 300 мың теңге пара алғаны үшін 9 миллион теңге айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Тергеу материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың тамыз айында басталған. Нұра ауылдық округінің тұрғыны, шаруа қожалығының басшысы Медет Бердалинге шөп дайындау үшін бір ай мерзімге жер телімін беруді сұрап жүгінген.
Шенеунік бұл жағдайды жеке баю мақсатында пайдалануды көздеп, мәселені оң шешу үшін кәсіпкерден сыйақы алуды жоспарлаған.
Бердалин фермерге қандай жерді қалайтынын талқылау үшін қызметтік кабинеттен тыс, Ақтөбе қаласында кездесу қажеттігін айтқан. Кейінірек олар қаладағы техникалық қызмет көрсету орталығында жолыққан. Дәл сол жерде, содан соң WhatsApp мессенджері арқылы шенеунік құжаттарды жедел рәсімдеу және жер комиссиясында мәселені қарау кезінде ықпал ету үшін 300 мың теңге талап еткен.
Ауыл тұрғыны бірден мұндай сомасы жоқ екенін айтып, күте тұруды сұраған. Сонда шенеунік ақшаны кейінірек, бірақ өзінің емес, жұбайының банктік шотына аударуды талап еткен.
Пара талап ету фактісіне тап болған кәсіпкер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне арызбен жүгінуді ұйғарған.
Қыркүйектің басында Бердалин кәсіпкермен қайта кездесіп, ақша аудару үшін әйелінің телефон нөмірі мен деректемелерін берген. Кәсіпкер ҰҚК қызметкерлерінің бақылауымен келісілген соманың бірінші бөлігін, яғни 200 мың теңгені айыпталушының жұбайының картасына аударған.
Ақшаның түскенін растаған Бердалин, өз тарапынан, жер телімін рәсімдеуге ықпал ететінін айтып, тіпті құжаттар дайын болмай тұрып-ақ, фермерге таңдалған аумақта шөп дайындауды бастауға рұқсат берген. Екі күннен кейін кәсіпкер қалған 100 мың теңгені де сол шотқа жіберген. Осыдан кейін көп ұзамай Бердалин ұсталды.
Сот отырысы барысында шенеунік өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін мәлімдеді. Айыпталушы тағылған айыппен келісіп, тергеу дәлелдемелеріне қарсы болмағандықтан, қылмыстық іс қысқартылған сот ісін жүргізу тәртібімен қаралды.
Сот үкім шығару кезінде жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның кінәні толық мойындауын, өкініш білдіруін және асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерді. Ал мемлекеттік қызметшінің қызметтік антын бұзуы ауырлататын мән-жай деп танылды.
Сот үкіміне сәйкес, Медет Дүйсенбайұлы Бердалин Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, алынған параның 30 еселенген мөлшерінде, яғни 9 000 000 теңге төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ, оған мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардағы басшылық лауазымдарды өмір бойына атқаруға тыйым салынды.
Мүлкі тәркіленген жоқ, себебі тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған мүлік анықталмаған.
Сонымен қатар, сот сотталғаннан мемлекет кірісіне 200 мың теңгені, жәбірленушілерді өтеу қорына 78 640 теңгені және 840 теңге процестік шығындарды өндіруге қаулы етті. Заттай дәлелдеме ретінде пайдаланылған (банк ұяшығынан алынған 100 мың теңгені қоса алғанда) ақша мемлекет кірісіне аударылды.
Үкім оқылғаннан кейін Медет Бердалинге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылып, ол сот залынан қамаудан босатылды. Оған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда, жаза қоғамдық жұмыстарға немесе бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін екені түсіндірілді.
Бердалин Медет Дүйсенбайұлы - 1987 жылы 3 тамызда Ырғыз ауданы, Ырғыз ауылында дүниеге келген. 2012 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2016 жылы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2009-2012 жылдары мемлекеттік өртке қарсы қызмет органында бастаған. 2013-2016 жылдары Ырғыз аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы, 2016-2019 жылдары Ырғыз ауданы әкімі аппаратының терроризмге қарсы комиссияның хатшысы, бас маманы болып қызмет жасады. 2019 жылдан 2021 жылға дейін Ырғыз аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы қызметін атқарған. 2021 жылдың 26 сәуірінде Ырғыз аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалған.
Соңғы жаңалықтар