Ақтөбеде қазақша күрестен жаттығу кезінде 15 жастағы жасөспірім көз жұмды

Ақтөбеде қазақша күрес жарысына қатысқан 15 жастағы жасөспірім Рахымжан Елепбергенов қайғылы жағдайдан көз жұмды. Оқиға 2025 жылдың ақпан айында орын алғанымен, марқұмның ата-анасы бұл туралы айтуға тек сәуір айында бел буған.
Родниковка ауылынан бапкерімен келген жас спортшы сайыс кезінде қарсыласымен спаррингке шығып, кілемге лақтырылған сәттен кейін өзін жайсыз сезініп, басын ұстап жатып қалған. Әкесінің айтуынша, баласының кілем үстінде ұзақ уақыт қиналғанын көргендер болғанымен, ешкім алғашқы минуттарда көмекке ұмтылмаған. Кейіннен келген бапкерлердің араласуы нәтижесіз болып, жасөспірім есінен танып қалған. Дәрігерлер оны ауруханаға жеткізген соң комаға түскенін және миына қан құйылғанын анықтап, 28 сағаттан кейін ғана ота жасаған. Ауыр жарақат салдарынан Рахымжан 42 күн ес-түссіз жатып, 2025 жылдың 5 сәуірінде көз жұмды.
Жасөспірімнің ата-анасы жарыс күні медициналық қызметкер болмағанын айтып, уақытылы көмек көрсетілсе, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді деген пікірде. Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы да спорт нысанына дәрігер бекітілгенін, бірақ ол дәл сол күні сырқатына байланысты жұмыста болмағанын мәлімдеді. Бұл жағдай ата-ананың күдігін арттырып, ұйымдастырушыларға жауапкершілік жүктеді.
Қайғылы оқиғаға байланысты полиция “қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе қызмет көрсету” бабы бойынша іс қозғағанымен, кейін қылмыстық құрам болмағандықтан тергеу тоқтатылды. Қадағалау органдары бейнебақылау жазбалары мен куәгерлердің сөздерін зерттегенін хабарлады. Соған қарамастан, ата-ананың ойынша, іс толық әрі әділ тергелмей, тек баланы жарысқа апарған бапкердің жұмыстан босатылуымен шектелген.
Соңғы жаңалықтар




