Ақтөбеде тергеуші 10 жылға сотталды

29.05.2026 15:17 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ақтөбеде тергеуші 10 жылға сотталды
448
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде қылмыстық істі жауып тастау үшін күдіктіден 50 млн теңге пара талап еткен Экономикалық тергеу департаментінің аға тергеушісі 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жәбірленушіге 2 млн теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды «Диапазон» басылымы. 

Айыпталушылар орындығына Экономикалық тергеу департаментінің 45 жастағы аға тергеушісі Ермек Махамбетов пен осы мекеменің екінші жедел басқармасы бастығының орынбасары 44 жастағы Дәулет Сарин отырды.

Іс материалдарына сүйенсек, Махамбетов тұтынушылар кооперативінің өкіліне қатысты қаржы пирамидасы бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі жүргізген. Ол күдіктіні ұзақ мерзімге сотталасың деп қорқытып, істі тоқтату үшін 50 млн теңге көлемінде ақша сұраған, ал әріптесі Сарин бұл келісімге делдал болуға келіскен.

Алайда кооператив өкілі бірден Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағым түсірген. Нәтижесінде Дәулет Сарин доллармен берілген жалған ақшаны алу үстінде ұсталып, артынша Ермек Махамбетов те құрықталды.

Ақтөбедегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Махамбетовті пара алуға оқталғаны үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырса, ал парақорлыққа делдал болған Саринге 2 жыл жаза кесті. Сонымен қатар екі сотталушы да өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Шымкент қаласындағы дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінің басшысы да жемқорлық қылмысы үшін 4 жылға сотталған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий