Диспансер директоры 4 жылға сотталды

29.05.2026 14:50 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Диспансер директоры 4 жылға сотталды
746
Фото: Polites News

Шымкент қаласындағы дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінің басшысы Айып Асанов сыбайлас жемқорлық және мүліктік қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Polites news.

Биылғы 28 мамырда шыққан сот үкіміне сәйкес, мекеме басшысын 2026 жылдың 15 қаңтарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері пара алу үстінде әшкерелеген. Тергеу барысында белгілі болғандай, диспансер заңгері Р. Тәженов өз қызметін сақтап қалу үшін Асановқа ақша ұсынған.

Бұдан бөлек мекеме директоры қағаз жүзінде тіркелген, бірақ іс жүзінде жұмыс істемейтін адамдарға жалақы және өзге де төлемдерді аудару арқылы бюджеттің 6,9 млн теңгесін жымқырған. Сондай-ақ ол сыйақы тағайындау сылтауымен қол астындағы 33 қызметкердің ақшасын заңсыз иемденіп кеткен. Осы әрекеттері үшін сот Асановты Қылмыстық кодекстің 189, 190 және 366-баптары бойынша кінәлі деп танып, 4 жыл түрме жазасын кесті, сонымен қатар өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды.

Бұл аталған мекеме басшылығына қатысты шыққан алғашқы үкім емес екені назар аудартады. Осыдан бір жарым жыл бұрын, нақтырақ айтқанда 2024 жылдың қыркүйегінде Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты диспансердің бұрынғы басшысы Ирина Долбилова мен есепші М. Абдукаримованы дәл осындай қылмыс үшін жазалаған болатын. Олар да жұмыс істемейтін адамға жалақы аудару схемасы арқылы 3,4 млн теңге жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылған еді. Экс-басшы мен есепшіге де мемлекеттік лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынған.

Осылайша Шымкенттегі дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері соңғы бір жарым жыл ішінде ұқсас схема бойынша бюджет қаражатын жымқыруға қатысты екінші рет жемқорлық жанжалына ілігіп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий