Ақтөбеге Даниядан 500-ге жуық сиыр арнайы рейспен әкелінді

10.12.2025 18:03 Арман Ермеков
Ақтөбеге Даниядан 500-ге жуық сиыр арнайы рейспен әкелінді
0
87
Фото: freepik.com

Ақтөбе облысындағы агроөнеркәсіп саласы тың серпін алды. "Айс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Дания елінен голштин-фриз тұқымды 495 бас асылтұқымды ірі қараны ұшақпен жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Президенттің ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан бұл жоба өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Шетелден арнайы әуе рейстерімен тасымалданған ірі қаралар қазіргі уақытта ветеринарлық талаптарға сай карантиндік бақылаудан өтіп жатыр.

Компания өкілдерінің айтуынша, бұл жеткізілім – 800 басқа шақталған заманауи сүт-тауарлы ферманы жасақтау процесінің маңызды кезеңі. Ауқымды жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 5,6 миллиард теңгені құрайды. Қаржыландыру көздеріне келсек, оның 3,25 миллиард теңгесін «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бөлсе, қалған 2,33 миллиард теңгесі екінші деңгейлі банктер мен кәсіпорынның өз қаражаты есебінен тартылған. Бұл қаражат кешенді кеңейтудің алғашқы сатысына жұмсалуда.

Жаңа нысан соңғы үлгідегі сауу залымен жабдықталған. Жоспарға сәйкес, жоба толық қуатына шыққанда жылына 10 мың тоннаға дейін сүт өндіруге мүмкіндік туады. Сонымен қатар, өндірістің ұлғаюы әлеуметтік мәселелерді шешуге де септігін тигізіп отыр: шаруашылықта 50 маусымдық және 17 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Мәртөк ауданының Саржансай ауылында орналасқан "Айс" компаниясы 2010 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан іргелі кәсіпорын. Бүгінде серіктестіктің меншігінде жалпы саны 3450 бас ірі қара бар. Оның 1000-нан астамы сауын сиырлар және олардан тәулігіне 37,8 тонна өнім алынады. Бір қызығы, мұндағы бір сиырдың орташа тәуліктік сүт беру көрсеткіші 36,6 литрге жетеді.

Шаруашылық тек мал басын көбейтумен шектелмей, олардың азығын да өз күшімен қамдауға көшкен. Биыл компания 2690 гектар алқапқа жүгері, арпа, қара бидай секілді мал азықтық дақылдар еккен. Кәсіпорын басшылығы асылтұқымды малдың келуі мен жем-шөп базасының нығаюы аймақтағы сүт өндірісін еселеп, жергілікті нарықты сапалы әрі табиғи өніммен толықтыруға мүмкіндік береді деп сенім білдіруде.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий