Ақтөбелік отбасы 27 жыл бұрын жоғалған ұлын әлі күтіп жүр

30.07.2026 09:22 Әсел МҰРАТ
Ақтөбелік отбасы 27 жыл бұрын жоғалған ұлын әлі күтіп жүр
213
Фото: видеодан скрин

Ақтөбеде отыз жылға жуық уақыт бойы ата-анасы ұлдары Русланның оралуын күтіп отыр, деп хабарлайды Politico.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

30 жастағы Руслан есімді жігіт 1999 жылы 22 наурызда жоғалып кеткен. Ол үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған. Руслан өз кафесін ашып, үйленіп, болашаққа жоспар құрып жүрген еді.

«Сол күні күйеуім екеуміз үйде болмадық. Анам ауырып қалып, соған кеткенбіз. Үйде ұлым мен екі қызым қалды. Келінім шешесінің туған күніне кетіп қалыпты. Үлкен қызым одан шайға тәттілер әкелу үшін базарға барып келуін өтінген. Содан бері оны көргеніміз жоқ», - дейді жоғалған жігіттің анасы Алмаш Сабирова.

Жоғалып кеткеннен кейін туыстары оны іздестіруге кіріскен. Полицияға хабар беріп, Русланды іздеу үшін республиканың өзге де өңірлеріне аттаныпты. Көріпкелдерге де барып, тірі екенін естіген. Ал полиция бұл істі 27 жыл өтсе де әлі жаппаған.

«Ақтөбе облыстық полиция департаменті 1999 жылы хабар-ошарсыз кеткен 1969 жылы туған Сәбиров Руслан Шәмшадинұлының жүрген жерін анықтау бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта бұл азаматтың қайда екені белгісіз», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Ақтөбе облысында жыл басынан бері адам жоғалу дерегіне қатысты 900-ге жуық арыз түскен. Олардың басым бөлігі табылыпты. Бірақ 3 адамды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Ал Русланның ата-анасы баласын аман-сау көреміз деген үмітін еш үзген емес.

Войдите, чтобы оставить комментарий