Ақтөбелік жігіт ауырып жатқан анасының 10 млн теңгесін ұрлап кеткен
Ақтөбеде 25 жастағы жігіт инсульттан кейін әлсіреген анасының жағдайын пайдаланып, оның банк қосымшасын өз телефон нөміріне тіркеп алып, бірнеше күн ішінде шамамен 10 миллион теңгені аударып жіберген, деп хабарлайды Politico.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Аталған ауыр қылмысты жұмыссыз жүрген ақтөбелік жасаған. Тергеу мәліметінше, ол анасының смартфон қызметтерін жетік білмейтінін пайдаланып, банк қосымшасын өз нөміріне қайта тіркеген. Соның нәтижесінде анасының есепшотына қол жеткізіп, бірнеше күн ішінде 9 миллион 899 мың теңгені өзіне аударып алған.
Кейін ол сот алдында жауап берді, алайда кінәсін мойындаған жоқ. Айыпталушы сотта анасының рұқсатын алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жеке есепшоты бұғатталғандықтан, жалақысы түсу үшін анасының шотын уақытша пайдалануға рұқсат сұраған. Инсульттан кейін анасы анық сөйлей алмағандықтан, басын изеп жауап бергенін келісім ретінде қабылдағанын айтты. Кейін шотта 10 миллион теңге бар екенін көрген соң, бұл қаражатты қолдануға бола ма деп сұрағанда, анасы тағы да басын изегенін жеткізді. Сондай-ақ ол бұл ақшаны алғашқы мүмкіндік туған кезде қайтарамын деп уәде бергенін де айтқан.
Алайда сот айыпталушының бұл уәждерін шындыққа жанаспайды деп тапты. Тергеу барысында ұрланған қаражат шын мәнінде айыпталушының анасына емес, оның нағашы ағасына тиесілі екені анықталды. Осыған байланысты ол іс бойынша жәбірленуші ретінде танылды.
Сот отырысында жәбірленуші әйел инсульт алуына ұлының әрекеттері де әсер еткенін айтты. Әйел Бадамша ауылында жалғыз тұрады, оған әлеуметтік қызметкерлер көмектеседі. Ал жәбірленуші кәсіпкерлікпен айналысып, кей кездері айналым қаражатын сақтау үшін қарындасының шотын пайдаланған. Қажет кезінде ол шоттан ақша алып, кейін қайта салып отырған. Бір күні банк қосымшасына кіре алмай қалғанын байқап, кейін қарындасынан жиенінің қосымшаны өз нөміріне тіркеп алғанын білген.
Тергеу кезінде тағы бір жайт анықталды: айыпталушы анасының депозитіндегі қаражатты бұрын бірге тұрған әйелдерінің есепшоттарына аударып отырған.
Сотта анасына көмектесіп жүрген әлеуметтік қызметкер де куәлік берді. Оның айтуынша, инсульттен кейін әйелдің сол жақ бөлігі сал болып қалған. Ұлы анасының жанында болған кезде оны жиі ренжітіп, зейнетақысын алып қоятын болған. Соның салдарынан әйел кейде азық-түліксіз қалып отырған. Әлеуметтік қызметкер дүкендермен келісіп, зейнетақы түскенге дейін қарызға азық-түлік беріп тұруды сұраған. Сондай-ақ айыпталушы жиі ішімдік ішіп, анасын және әлеуметтік қызметкерлерді балағаттап жүрген.
Сот оны ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім жарияланғаннан кейін ол бірден қамауға алынды. Сонымен қатар сот сотталған азаматты жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды толық өтеуге міндеттеді.
Последние новости