Ақжарқын Тұрлыбай жазасын Қазақстанда өтей ме?

30.10.2025 13:49 Мөлдір Талғат
Ақжарқын Тұрлыбай жазасын Қазақстанда өтей ме?
0
1696
Ашық дереккөз

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Ақжарқын Тұрлыбай ісі Бас прокуратураның тұрақты бақылауында екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортунаны экстрадициялау бойынша қажетті шаралар жүргізіліп жатыр.

“Бұл және осыған ұқсас істер біздің назарымызда. Мәселе толық шешімін тапқанға дейін жұмысты тоқтатпаймыз. Қазіргі уақытта Интерпол іздеудегі азаматтың нақты қай жерде екенін анықтап жатыр. Ол белгілі болған соң, экстрадиция рәсімі басталады”, – деді Қойгелдиев.

Бас прокурордың орынбасары сонымен қатар кейде кейбір мемлекеттерден ресми жауаптың кешігіп келетінін, мұндай жағдайда прокуратура дипломатиялық арналар арқылы еске салу хаттарын жолдайтынын атап өтті. Бұл, оның айтуынша, халықаралық құқық нормаларына сай жүргізіліп жатқан процесс.

Сенатор Геннадий Шиповских те бұл мәселеге назар аударып, Ақжарқын Тұрлыбай ісіне қатысты келіссөздердің күрделі жағдайда өтіп жатқанын айтты.

“Бұл іс біраз уақыттан бері бірнеше депутаттың бақылауында. Қазір Бас прокуратура мен Сыртқы істер министрлігі бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Әрине, Қытай заңдары өте қатаң, сондықтан келіссөздер оңай емес. Дегенмен, біз мәселенің әділ шешім табатынына сенеміз. Әр елдің өз заңы мен тәртібі бар екенін ескерген жөн”, – деді ол.

Ақжарқын Тұрлыбай ісі соңғы жылдары қоғамның ерекше назарында. Қазақстандық азаматша Қытайда есірткі тасымалдады деген айыппен сотталған болатын. Қазіргі таңда оның ісі бойынша халықаралық деңгейде құқықтық және дипломатиялық жұмыстар жалғасуда.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий