«Арқасында күйік болды»: Атырау облысында ұлы анасын генератор маңынан өлі күйінде тапты
Атырау облысының Құрманғазы ауданында 59 жастағы әйелдің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Афанасьева ауылындағы медициналық пунктте күзетші болып жұмыс істеген Клара Кенжегалиева жұмыс аумағын тазалап жүргеннен кейін бірнеше сағаттан соң электр генераторының маңынан өлі күйінде табылған.
Марқұмды оның ұлы тауып алған. Оның айтуынша, анасының қолында күрек болған. Әйел генератор орналасқан аумақтағы шөпті шауып жүрген деген болжам бар.
Алайда отбасы мүшелері оның өліміне қатысты ресми қорытындымен келіспейді. Сот-медициналық сараптама бойынша, әйел миына қан құйылудан көз жұмған. Ал туыстары марқұмның денесінен күйік іздерін байқағанын айтып отыр.
Марқұмның ұлы жедел жәрдем қызметкерлері әйелдің денесін қарап, қолы мен арқасын тексергенін, арқа тұсында күйікке ұқсас жарақат болғанын жеткізді. Осыған байланысты отбасы оның электр тогына түсуі мүмкін деп күдіктеніп отыр.
«Ол қоршаудың ішінде құлап жатқан. Есігі жабық болғандықтан, ұлым артқы жағынан кіріп, анасын сыртқа шығарған. Бірақ сараптама өлім себебін миға қан құйылу деп көрсетті. Егер солай болса, арқасындағы күйік қайдан пайда болды?» – дейді марқұмның ағасы.
Оқиғаның мән-жайын анықтауға медициналық пункт аумағындағы бейнебақылау камералары көмектесуі мүмкін еді. Алайда қайғылы жағдай кезінде камералардың істемей тұрғаны белгілі болған.
Ал аудандық аурухана басшылығы әйелге қауіпті нысан – генератор немесе трансформатор маңындағы шөпті тазалау туралы тікелей тапсырма берілмегенін мәлімдеді. Дегенмен мекеме аумағын таза ұстау жөнінде жалпы тапсырма болғаны айтылды.
Қазір марқұмның туыстары прокуратураға жүгініп, әйелдің өліміне қатысты жан-жақты әрі әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр. Олар оқиғаның нақты себебі анықталып, кінәлілер жауапқа тартылуын сұрайды.
Соңғы жаңалықтар