Петропавл маңында жойқын өрт шықты: 110 адам тілсіз жаумен күресіп жатыр
Петропавл қаласының маңында ірі өрт шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Қаланың айналма жолы мен тұрмыстық қалдықтар полигоны орналасқан аумақта құрғақ шөп тұтанған.
Өрт бірнеше сағат бойы жалғасып, аумақты қою қара түтін басқан. Ащы түтін қаланың орталығына дейін жетіп, тұрғындар көру қиындағанын және ауада күйік иісі қатты сезілетінін айтып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, алдын ала есеп бойынша, өрт шамамен 6 гектар аумақты шарпыған.
Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер учаскелердің біріндегі жалынды толық ауыздықтаған. Қалған екі учаскеде өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Тілсіз жаумен күреске 110 адам мен 31 техника жұмылдырылған. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, төрт өрт сөндіру учаскесі ұйымдастырылды. Бұған қоса теміржол кәсіпорнының өрт сөндіру пойызы тартылған.
Құтқарушылардың жұмысын қатты жел қиындатып отыр. Мамандардың басты мақсаты – жалынның жақын маңдағы жеке үйлер мен саяжайларға таралуына жол бермеу.
Қазір өрттің толықтай сөндіріліп, жағдайдың тұрақтануы үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Соңғы жаңалықтар