Аша Матай мен Тамара Асар депутат болуы мүмкін
Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс өткен XXV съезінде Құрылтай депутаттығына ұсынылатын 72 кандидаттың тізімі бекітілді. Үміткерлер қатарында танымал тележүргізуші әрі актриса Аша Матай мен әнші Тамара Асар да бар, деп хабарлайды Politico.kz.
Партия атынан Құрылтайға кандидат ретінде ұсынылған Аша Матай бұл шешімге саналы түрде келгенін айтып, оны өзінің жүрек қалауымен байланыстырды.
Съезд аясында делегаттар партияның сайлауалды бағдарламасын талқылап, Құрылтай депутаттығына ұсынылатын кандидаттарды мақұлдады. Сонымен қатар саяси кеңестің жаңартылған құрамы сайланды.
ҚХП ұсынған 72 кандидаттың арасында партия төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, оның орынбасары Бейбіт Құсайынов, Мәжілістің бұрынғы депутаттары Ирина Смирнова мен Ислам Сұңқар, сондай-ақ Аша Матай мен Тамара Асар бар. Ал экс-депутат Магеррам Магеррамов бұл жолғы тізімге енген жоқ.
Партия съезінен кейін тілшілер Аша Матайдан талқыланып жатқан заң жобаларының кем дегенде біреуін оқыған-оқымағанын және соңғы рет қай заң жобасымен танысқанын сұрады.
Алайда тележүргізуші бұл сұраққа жауап бере алмады. Видеода оның біраз уақыт ойланып тұрғаны байқалады. Кейін ол сахнаға шығуға асығып тұрғанын айтып, сұхбатты аяқтады. Осыдан кейін Аша Матайды сахнаға шақырып, әңгіме аяқталды.
Партия съезінде Аша Матай егер Құрылтай құрамына өтсе, мәдениет саласын дамытуға, балаларға арналған сапалы анимациялық өнімдердің көбеюіне және денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелерге басымдық беретінін айтты.
«Өнерден келген адам ретінде қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеруге мүмкіндік бар деп есептеймін. Ана ретінде балаларға арналған мультфильмдердің сапасына мән берер едім. Сонымен қатар медицина саласында да шешімін күткен түйткілдер жеткілікті. Оларды уақытында көтеріп, дер кезінде шешу маңызды», – деді ол.
Ал Тамара Асар жинақтаған тәжірибесі мен білімін қоғам игілігіне бағыттағысы келетінін айтты. Оның сөзінше, ерекше назар аударатын бағыттардың бірі – аяқ-қолынан айырылған азаматтарды протездеу мәселесі.
«Өмір бойы жинаған тәжірибемді халықтың игілігіне жұмсағым келеді. Партия ұстанымдарын қолдай отырып, өзім үшін аса маңызды саналатын протездеу саласындағы мәселелерді көтеруге күш саламын. Бұл бағытта нақты нәтижеге жұмыс істеуге дайынмын», – деді әнші.
Құрылтай депутаттарының сайлауы 2026 жылы 23 тамызға белгіленді. Жаңа Конституция күшіне еніп, Сенат пен Мәжіліс таратылғаннан кейін жаңа бір палаталы Парламент құрылады.
Құрылтай құрамына 145 депутат енеді. Олар пропорционалды сайлау жүйесі негізінде партиялық тізім бойынша сайланады.
Соңғы жаңалықтар