Кореядағы жаппай төбелеске қазақстандықтардың қатысы бар ма: СІМ жауап берді
Оңтүстік Кореяның Пхёнтхэк қаласында Орталық Азия елдерінен келген азаматтар арасында болған жаппай төбелеске қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға 3 қазан күні кешке балабақша мен мектеп орналасқан тұрғын ауданның маңында болған. Полиция жанжалға Орталық Азия елдерінің азаматтары қатысуы мүмкін деп болжап отыр.
Куәгерлер төбелеске шамамен 40 адам араласқанын айтқан. Алайда бейнебақылау жазбаларын тексерген полиция әзірге 15-ке жуық қатысушыны анықтаған. Оқиғаға байланысты тәртіп сақшылары жоғары деңгейдегі әрекет ету режимін енгізді.
Оқиға орнында 20 жастағы екі ер адам - Ресей мен Қырғызстан азаматтары ұсталды. Екеуі де жарақат алған. Жеке басы анықталғаннан кейін олар медициналық көмек алу үшін ауруханаға жеткізілді. Қалған қатысушылар іздестіріліп жатыр. Полиция олардың азаматтығы мен Оңтүстік Кореяда болу заңдылығын тексеруде.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, төбелес кезінде ағаш таяқтар мен бейсбол биталары пайдаланылған. Қазір тергеушілер жанжалдың алдын ала жоспарланғанын және қатысушылардың бір-бірімен қандай байланысы болғанын анықтап жатыр.
Оқиғаға қатысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі тілшімізге түсініктеме берді.
Министрліктің мәліметінше, Пхёнтхэктегі төбелеске Қазақстан азаматтарының қатысы жоқ. Алдын ала дерек бойынша, ұсталғандар мен кім екені анықталғандар арасында Қазақстан азаматтары болмаған.
Соңғы жаңалықтар