Францияда Сальвадор Дали жасаған 150 келілік қола мұқаба ұрланды

06.10.2026 • 10:46 Мөлдір ҚАЙНАР
Францияда Сальвадор Дали жасаған 150 келілік қола мұқаба ұрланды
192
Фото: s.yimg.com

Францияның Иссуар қаласындағы заманауи өнер орталығынан әйгілі суретші Сальвадор Дали әрлеген «Әулие Иоаннның ақырзаманы» кітабының қола мұқабасы қолды болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ұрланған мұқабаның салмағы шамамен 150 келіні құрайды, ал кітаптың пергамент парақтарымен бірге жалпы салмағы 210 келіге жетеді. Бірегей өнер туындысының жоғалғанын Клермон-Ферран прокуратурасы ресми түрде растады.

Қылмыс 4 қазаннан 5 қазанға қараған түні жасалған. Қолды болған салмақты қола мұқаба алтынмен, асыл тастармен және теңіз қабыршақтарымен көмкерілген.

«Әулие Иоаннның ақырзаманы» кітабы 1958-1961 жылдары француз баспагері Жозеф Фореның бастамасымен жалғыз данада ғана жарық көрген. Мәтіні 150 пергамент парағына қолмен түсірілген туындыны жасауға Сальвадор Дали, Леонар Фужита, Бернар Бюффе, Жан Кокто және Эмиль Чоран сияқты жеті суретші мен жеті жазушы атсалысқан. Кезінде бұл жәдігер әлемдегі ең ауыр әрі ең қымбат кітап деп танылған.

Халықаралық көрмелерден кейін туынды Швейцарияда, кейін Жапонияда сақталған. Кейінірек оны коллекционер әрі реставратор Кристиан Каруцос сатып алып, кітаптың қола мұқабасы мен пергамент парақтарының бір бөлігін Иссуардағы өнер орталығына көрмеге қойған екен.

Прокуратура бұл туындыны қайталанбас бірегей мұра деп бағалап отыр. Қазіргі уақытта кітаптың жоғалуына қатысты тергеу шараларын жандармерия қолға алды. Ұрлықтың нақты қалай жүзеге асқаны әзірге жарияланбады.

Войдите, чтобы оставить комментарий