«Азаматтарға арналған үкімет» филиалы директорының бұрынғы орынбасары сотталды
Өскеменде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының бұрынғы орынбасары Азамат Рахымжанов пен Дидар Нұртазин 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне (ҚМА) сілтеме жасап.
Агенттіктің мәліметінше, олар Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырған. Бұл үшін өздеріне бағынысты «EastGoldStone» ЖШС-ны пайдаланған, алайда серіктестіктің лицензиясы тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана рұқсат берген.
Алтын өндіруге экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар және жуу жабдығы қолданылған.
«Заңсыз өндірілген алтын көлемі 15 келіден асқан, оның құны 844 млн теңгеден жоғары. Тергеу барысында құны 382 млн теңге болатын 6,7 кг алтын мен 579 г күміс тәркіленді», – деп мәлімдеді агенттік.
Заңсыз кен өндіру салдарынан 18,2 гектар жер бүлінген. Сонымен бірге мемлекеттік орман қорына жататын ағаштар мен бұталар жойылып, зақымдалған. Экологиялық залалды жоюға қажетті жұмыстардың құны 300 млн теңгеден асқан.
Сот шешімімен құны 372 млн теңге болатын мүлік тәркіленді. Оның ішінде 4 жүк көлігі, 2 экскаватор, 2 тиегіш, гидрожуу құрылғысы, сондай-ақ 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша бар.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар