Асхат Асылбеков депутаттарға: Журналистің өткір сұрағына дайын болмасаңыз, үйге қайтыңыз

14.09.2026 20:45 Томирис САҒЫНДЫҚ
Асхат Асылбеков депутаттарға: Журналистің өткір сұрағына дайын болмасаңыз, үйге қайтыңыз
161
Фото: baq.kz сайтынан алынды

Қоғам қайраткері Асхат Асылбеков Парламент өкілдері мен БАҚ өкілдері арасындағы байланысқа қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, билік тармақтары мен депутаттар халық пен БАҚ алдында ашық болуы тиіс. Ол халық өкілдерінің журналистерден алшақтауы олардың өз міндетіне салғырт қарауын көрсететінін атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Асхат Асылбеков "Қасқа жол" бағдарламасында әңгімеледі. 

«Әрине, ол дұрыс емес. Тоқаев айтты ғой: «Күшті президент, ықпалды парламент, жауап беретін үкімет», — деп, иә? Ықпалды Құрылтай күшті болуы керек. Ешқандай журналистің сұрағынан қашпау керек. Құрылтайда отырған депутаттар — халық сайлаған адамдар. Мейлі, қазір партиялық тізім бойынша сайланса да, бәрібір сайлаған — халық. Сонда халықтың атынан кім сөйлейді? Халықтың атынан журналистер сөйлейді. Халық мұңын, сұрағын, өткір мәселелерін журналистер арқылы жеткізеді. Сондай-ақ өз халқынан қашып, тығылған Құрылтай қалай ықпалды болмақ? Ол өзінің әлсіздігін көрсетіп отыр. Бірінші күннен бастап әлсіз екенін білдірді. Бұл — дұрыс емес нәрсе», — деді Асхат Асылбеков.

Сонымен бірге, ол Құрылтай қабырғасында журналистердің еркін жүріп-тұруына салынған шектеулерге тоқталып, БАҚ өкілдерінің құқығын қорғау қажеттігін айтты.

«Және қазіргі Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебаевқа айтқым келеді: «Журналистер тек пресс-орталықта ғана жауап алуы керек, басқа жерде, кулуарда ұстап сұрақ қоюға болмайды» деген тыйым салу — сөз бостандығына кедергі келтіру. Кешіріңіздер, Конституция бізге сөз бостандығына кепілдік беріп отыр. Әрбір азамат, тіпті журналистерді «төртінші билік» деп тегін айтпаған ғой. Ол төртінші билік болса, сол төртінші билікті сыйлаңыздар! Төртінші биліктен қашпаңыздар!» — деді саясаткер.

Асхат Асылбеков саяси сахнада жүрген тұлғалардың халық пен БАҚ алдындағы жауапкершілігі жоғары болуы тиіс екенін баса айтты.

«Және сен өткір сұрақтан қорықсаң, не үшін саясатқа келдің? Мен жаңа депутаттарға айтар едім: егер өткір сұрақтарға, дебаттарға, жауапкершілікке дайын болмасаңыздар, саясатта сіздерге орын жоқ! Үйлеріңізге қайтыңыздар! Өз өндірістеріңізге, компанияларыңызға барып отырыңыздар, ол жерде бастық болып отырғанда сіздерге ешкім қарсы келмейді. Құрылтайға шықтың ба — жауап беруге де дайын бол! Бұл жасалған әрекеттер өте қате», — деді Асхат Асылбеков.

Сөз соңында қоғам қайраткері елдегі сөз бостандығының жалпы жағдайы мен халықаралық бағалауларға тоқталып, журналистердің қоғамдағы рөліне баға берді.

«Қазақстанда сөз бостандығы нашарлап бара жатыр. Бұл — тек менің пікірім емес, оны әртүрлі халықаралық ұйымдар да бағалап, өлшеп отыр. Өкінішке орай, біз әлемдегі ең төменгі көрсеткіші бар мемлекеттердің қатарына түсіп барамыз. Жақында осының бәрін оқып шықтым. Сөз арқылы көптеген мәселелерді шешуге болады. Халықты шошытуға да, қуантуға да, оларға рух пен жігер беруге де болады. Сол мүмкіндікті неге пайдаланбаймыз? Неге ашықтықтан қашамыз? Ашықтықтан қашуға болмайды. Өйткені осы жолмен кете берсек, тарих бізге көп нәрсені үйретеді: ол — авторитаризм, тоталитаризм және өзге де теріс құбылыстар. Ал бізде журналистерді соттап жатыр. Оларға 174-бапты және басқа да баптарды таңып соттауда. Бұлай істеуге болмайды! Ешқашан бұлай істеуге болмайды! Дүние қанша құбылып жатса да, журналистер әрқашан ашық сөйлеуге тиіс. Тек сол арқылы ғана біздің қоғам мен мемлекетіміз мықты болып, алға дамиды», — деді Асхат Асылбеков.

Войдите, чтобы оставить комментарий