Әскерден кейін мүгедек болып қалған Ербаян Мұхтардың жағдайы белгілі болды

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әскери қызмет атқару барысында басынан жарақат алып, әрекетке қабілеттілігінен айырылған Ербаян Мұхтардың жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Оқиға 2023 жылдың желтоқсанында болған. Содан бері жас жігіт бірнеше операцияны бастан өткерген.
«Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты. Қосымша оңалту-медициналық қызметтер қажет болуына байланысты кеше Ербаян Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа жатқызылды. Ол өзінің диагнозына сәйкес барлық қажетті көмекті алып жатыр. Жанында әкесі бар», – деді Әлназарова үкіметтегі брифингте.
Министр сондай-ақ не себепті қабылданып жатқан шараларға қарамастан, сарбаздың әлі күнге дейін аяғына тұра алмай отырғанын түсіндірді.
«Бүгінде оның диагнозы өте күрделі. Жарақатпен қатар инфекция да болған. Қажетті шаралар қолданылып жатыр. Ербаян Түркияға да барып қайтты. Қазір біз өзіміз де қосымша тексерулер жүргізіп жатырмыз. Ата-анасымен шетелде ем алу мәселесін талқыладық. Олар Қазақстанда ем қабылдауға келісім берді. Ерте болжам жасамай-ақ қояйын, бірақ барлық қажетті көмек толық көлемде көрсетіліп жатқанын нақты айта аламын», – деді Денсаулық сақтау министрі.
Соңғы жаңалықтар





