Әскери полицияның шенді қызметкері ұсталғаны туралы ақпарат тарады

08.06.2026 10:50 Әсел МҰРАТ
Әскери полицияның шенді қызметкері ұсталғаны туралы ақпарат тарады
143
Фото: kazakhztan9/threads

Әлеуметтік желіде Әскери полицияның Бас басқармасы штабы бастығының орынбасары, полковник Талғат Мүсілімовтің аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы желі қолданушысы жазды.Оның жазбасында жүктелген фотодан ҰҚК қызметкерлерінің ұстау операциясы мен тәркіленген ірі көлемдегі қаражатты көруге болады.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Әскери полицияның Бас басқармасы штабы бастығының орынбасары, полковник Мүсілімов Талғат Сабырұлы аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен ұсталды. Күдікті Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу судьясының санкциясымен оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді», - деп жазды желі қолданушысы.

Сондай-ақ жазба авторы бұған дейін Әскери полицияның бас басқармасы бастығының бірінші орынбасары – штаб бастығының да ұсталғанын еске салды.

«Еске сала кетейік, бұған дейін ҰҚК қызметкерлері Әскери полицияның Бас басқармасы бастығының бірінші орынбасары – штаб бастығы, полковник Ерік Бәкірбаевты қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікпен ұстаған болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, ол қарамағындағы қызметкерлерден заңсыз ақша жинады деген күдікке ілінген. Одан қорғануға құқылы куәгер ретінде жауап алынды. Тергеу барысында оның ұялы телефоны тәркіленіп, кейін босатылған», - деп жазды жазба авторы. 

Ол бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтаған тікелей бағынысты қызметкерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа қатысы бар екендігіне байланысты қызметінен кету туралы өтініш бергенін еске салды. Жазба авторы осы орайда Қорғаныс министрі Даурен Қосанов полковник Ерік Бәкірбаевты Қарулы күштерден босату керек екенін айтты.

«Осыған байланысты, Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Дәурен Қосанов полковник Е.Н. Бәкірбаевты Қазақстан Қарулы Күштерінен босатуы керек, себебі оған және оның орынбасары полковник Т.С. Мүсілімовке қарсы сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстық істер қозғалды», - делінген жазбада.

Істің мән-жайын білу үшін Қорғаныс министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдадық.

Войдите, чтобы оставить комментарий