Сенатқа ашық хат: Құқық қорғаушылар жаңа рақымшылық заңын қатаң сынға алды

08.06.2026 10:27 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Сенатқа ашық хат: Құқық қорғаушылар жаңа рақымшылық заңын қатаң сынға алды
171
Фото: cloudinary.com

Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланатын рақымшылық заңына қатысты Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевқа ашық хат жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың маусым айында елімізде жаңа Ата заңның қабылдануына байланысты ауқымды рақымшылық жасау жоспарланып отыр. Тарихта тұңғыш рет қылмыстық және әкімшілік жазаларды қатар қамтитын бұл шара аясында 16,5 мың адам босатылып, 17 млрд теңгеден асатын 1 млн айыппұл толық кешірілмек. Бұл құжатты 3 маусымда Мәжіліс депутаттары мақұлдап, Сенатқа жолдаған болатын.

Алайда қоғам белсендісі Жеміс Тұрмағамбетова мен адвокат Виталий Воронов мәжілісмендер мақұлдаған құжат Ата заң талаптарына мүлдем қайшы келеді деп санайды.

«Құрметті Мәулен Сағатханұлы!
Біз, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшелері Жеміс Өтегенқызы Тұрмағамбетова мен Виталий Иванович Воронов, ел Парламенті Жоғарғы палатасының басшысы ретінде тікелей Өзіңізге мынадай мән-жайларға байланысты жүгінуге мәжбүрміз:
Жалпыға қолжетімді ақпарат көздерінен биылғы жылдың 3 маусымында Парламент Мәжілісі депутаттары жалпы отырыста екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдап, одан әрі қарау үшін Парламент Сенатына жолдағаны бізге мәлім болды.
Аталған заң жобасының мәтіні көпшіліктің танысуы үшін Парламенттің төменгі палатасының ресми сайтында жарияланды, сондықтан оның мазмұнымен кез келген адам таныса алатын еді. Біз Мәжіліс 2026 жылғы 3 маусымда қабылдаған заңның түпкілікті нұсқасымен таныс емеспіз, алайда қолда бар ақпаратқа сүйене отырып, депутаттардың жобадағы кейбір нормаларды мақұлдап, сақтап қалғанын білеміз. Біздің пікірімізше, бұл нормалар 1995 жылғы қолданыстағы ҚР Конституциясының да, 2026 жылғы 15 наурызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның да нормалары мен қағидаттарына қайшы келеді», — делінген ашық хатта.

Олардың сөзіне қарағанда, жаңа заңда ардагерлер, кәмелетке толмағандар және егде жастағы адамдар сияқты халықтың әлеуметтік осал топтарына рақымшылық жасау мүлдем қарастырылмаған.

«Атап айтқанда, жаңа рақымшылық туралы заң, бұған дейін қабылданған 2021 жылғы 7 желтоқсандағы № 81-VII ҚРЗ «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» және 2025 жылғы 23 маусымдағы № 195-VIII «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңдардан айырмашылығы, әлеуметтік осал топтарға жататын тұлғалар санатына қолданылмайды. Ал алдыңғы заңдардың нормаларына сәйкес бұл санатқа мыналар кіретін:

  1. Ардагерлер және «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші қолданылатын басқа да тұлғалар;
  2. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде он сегіз жасқа толмаған тұлғалар;
  3. Осы Заң қолданысқа енгізілген күні елу және одан асқан әйелдер, алпыс және одан асқан ер адамдар.

Бұдан бөлек, жобадан заңға айналған құжаттың 3-бабының 16-тармағында (рақымшылық қолданылмайтын тұлғалар) мүлде күтпеген жерден ҚР ҚК-нің 150-бабы (Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі жасау) пайда болды. Ол бастапқыда Мәжіліс сайтында орналастырылған жоба мәтінінде болмаған және бұрын-соңды мұндай мазмұндағы ұқсас заңдарға ешқашан енгізілмеген еді», — дейді мәселені көтергендер.

Бұдан бөлек, құқық қорғаушылар бастапқы жобада болмаған сайлау құқықтарына кедергі келтіру бабының заңға кенеттен қосылып, кешірім жасалмайтын қылмыстар қатарына еніп кеткеніне назар аударды.

«Бұл ретте, түсініксіз себептермен 3-баптың 16-тармағындағы тізбеге Қылмыстық кодекстің әлдеқайда қоғамдық қауіпті және тіпті ауыр қылмыстар болып табылатын көптеген баптары енгізілмеген. Мысалы:

  • 189-бап (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу);
  • 190-бап (Алаяқтық);
  • 191-бап (Тонау);
  • 297-бап (Есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау);
  • 308-бап (Жезөкшелiкпен айналысуға тарту);
  • 309-бап (Жезөкшелiкпен айналысу үшін притондар ұйымдастыру);
  • 312-бап (Кәмелетке толмағандарды бейнелейтін порнографиялық материалдарды дайындау және айналымы);
  • 322-бап (Заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет);
  • 362-бап (Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану);
  • 419-бап (Көрнеу жалған сөз жеткізу) және т.б.

Рақымшылыққа ілікпейтін баптар тізбесіне ҚК-нің 151-бабы да (Сайлау құжаттарын, референдум құжаттарын бұрмалау немесе дауыстарды қате санау) енгізілмеген. Оның екінші бөлігі ауыр қылмыстар санатына жатады. Ал жоғарыда аталған ҚК-нің 150-бабының 1-бөлігі қылмыстық теріс қылықтарға, ал 2-бөлігі орташа ауырлықтағы қылмыстық құқық бұзушылықтарға жатады

Жалпыға қолжетімді қылмыстық статистика Қазақстанда мемлекеттік тәуелсіздік алған уақыттан бері ҚК-нің 151-бабы бойынша бірде-бір адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын көрсетеді. Ал ҚК-нің 150-бабы бойынша тек ҚР азаматы Ержанов Оразалы Сантайұлы ғана жауапқа тартылған. Ол Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2026 жылғы 22 мамырдағы үкімімен қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға бес жылдық тыйым салумен қатар, 4 жыл бас бостандығын шектеу жазасына сотталған болатын», — дейді олар.

Қоғам белсенділері Қазақстанда қалыптасқан заң шығару тәжірибесі кез келген заң жобасының бастамашысынан оны қабылдаудың қоғамдық және (немесе) мемлекеттік қажеттілігін, мақсаттарын, салдарларының болжамын объективті статистикалық деректермен тиісті түрде негіздеуді талап ететініңді алға тартты.

«Осы тұрғыдан алғанда, ҚР ҚК-нің 150-бабын рақымшылық күші қолданылмайтын баптар тізбесіне енгізу жасанды әрі бір ғана мақсатты – нақты бір тұлғаға, яғни О.С. Ержановқа қатысты рақымшылықты қолдануға жол бермеуді көздейтіндей көрінеді.

Бұған жоғарыда аталған әлеуметтік осал топтарға, яғни заң шығарушы бұрын 60 жасқа толған ер адамдарды (оның ішінде О.С. Ержановты да) жатқызған санатқа рақымшылық актісін қолдану мүмкіндігінің алынып тасталуы да жанама түрде дәлел бола алады.

Біздің пікірімізше, мұндай тәсіл Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының 14-бабымен және жаңа Конституциясының 16-бабымен тыйым салынған азаматтарды кемсітуден (дискриминациялаудан) басқа ештеңе емес.

Осыған байланысты, Парламент Мәжілісі қабылдаған заңды Жалпы отырыста талқыламас бұрын, біздің құқық қорғаушылық пікірімізді Парламент Сенатының депутаттарына жеткізуіңізді шын жүректен сұраймыз.

Біздің үндеуіміздің әлеуметтік желілер арқылы ашық сипатта жариялануы мүмкін болатын бюрократиялық немесе өзге де кедергілердің салдарынан ол Сізге жетпей қалуы мүмкін және (немесе) Сенат қабырғасында алдағы уақытта өтетін заңды талқылауға кешігіп қалуы ықтимал деген қауіптен туындап отыр», — деді комиссия мүшелері Жеміс Тұрмағамбетова мен Виталий Воронов өз мәлімдемесінде.

Войдите, чтобы оставить комментарий