Асқарбек Ертаев Еңбек министрі болып қайта тағайындалды

03.09.2026 13:11 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Асқарбек Ертаев Еңбек министрі болып қайта тағайындалды
211
Фото: GOV.KZ

Асқарбек Ертаев Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымын сақтап қалды. Мемлекет басшысы 3 қыркүйекте тиісті Жарлыққа қол қойғанын Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқарбек Маратұлы Ертаев Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындалды», – делінген ресми мәлімдемеде.

Кадрлық шешім шықпас бұрын бұл кандидатураны Құрылтай қарады. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутаттар Ертаевты осы қызметке бекітуге келісім берді. Мәселе «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабына сай қаралды.

Асқарбек Ертаев аталған ведомствоны биылғы 27 қаңтардан бері басқарып келеді.

Асқарбек Ертаев кім?

Асқарбек Маратұлы 1977 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген.

Жоғары білімді Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде және «Нұр» менеджмент, бизнес және құқық институтында алған. Еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімінің аппаратында маман болып бастады.

Кейін 2000 жылдан 2014 жылға дейін банк саласында қызмет етті. Одан соң мемлекеттік басқару ісіне ауысып, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жұмыс істеді.

2014-2021 жылдар аралығында Ұлттық экономика министрлігінде еңбек етті. Бұл ведомствода ол қатардағы бас сарапшыдан бастап департамент директорына дейінгі жолдан өтті.

2021-2022 жылдары Президент Әкімшілігі Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау бөлімінде сектор меңгерушісі болды. Ал 2022-2023 жылдары Үкімет Аппаратының экономикалық бөлімін басқарды.

Министрлік тізгінін ұстамас бұрын ол осы ведомствоның Көші-қон комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Ал 2024-2025 жылдары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болды.

Войдите, чтобы оставить комментарий