Астана, Алматы мен Шымкентке халық қай өңірлерден көп көшіп жатыр?
Қазақстанда халық ең көп қоныс аударатын қала Астана болып шықты. Биыл тоғыз айда елордаға көшіп келгендер саны көшіп кеткендерден 52 мың адамға көп болған. Бұл Алматы мен Шымкенттің көрсеткішін қосқандағы саннан да жоғары. Ал ел ішінде ең көп адам көшіп кеткен өңір – Түркістан облысы, деп хабарлайды Politico.kz.
Finprom.kz мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда 1,4 млн адам ел ішінде тұрғылықты жерін ауыстырған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,8%-ға көп. 2025 жылдың тоғыз айында 1,3 млн адам қоныс аударған.
Астанаға халық қай жақтан көп көшеді?
Елордаға тоғыз айда 257,3 мың адам көшіп келген. Ал Астанадан басқа өңірлерге 205,3 мың адам қоныс аударған. Осылайша, қала халқы ішкі көші-қон есебінен 52 мың адамға көбейді.
Астанаға ең көп адам Ақмола облысынан көшкен – 22,8 мың тұрғын. Одан кейін Түркістан облысы (15,2 мың) мен Алматы қаласы (13,4 мың) тұр.
Алматыға осы кезеңде 225,4 мың адам көшіп келіп, 196,4 мың адам басқа жаққа кеткен. Қаладағы көші-қон өсімі 29 мың адам болған.
Алматыға қоныс аударғандардың басым бөлігі көршілес Алматы облысынан келген – 55,9 мың адам. Жамбыл облысынан 12,9 мың, Астанадан 11,1 мың адам көшкен.
Шымкентке тоғыз айда 118,8 мың адам көшіп келген. Ал қаладан 107,6 мың адам кеткен. Көші-қон есебінен халық саны 11,1 мың адамға артқан.
Шымкентке көшкендердің көбі Түркістан облысының тұрғындары – 44,9 мың адам. Астанадан 7 мың, Алматыдан 4,3 мың адам қоныс аударған.
Қай облыстардан халық көп кетіп жатыр?
Ел ішінде тұрғындары ең көп көшіп кеткен өңір – Түркістан облысы. Тоғыз айда облысқа 111,1 мың адам келсе, 143,2 мың адам басқа жаққа көшкен. Нәтижесінде өңір халқы ішкі көші-қон есебінен 32,1 мың адамға азайған.
Екінші орында Жамбыл облысы тұр. Мұнда көшіп кеткендер саны келгендерден 15,5 мың адамға көп. Облысқа 48,7 мың адам келіп, 64,2 мың адам кеткен.
Қызылорда мен Жетісу облыстарының әрқайсысында көші-қон есебінен халық саны 9,4 мың адамға азайған. Абай облысында бұл көрсеткіш 7,1 мың адам болған. Қалған облыстарда халықтың көші-қон шығыны 2,3 мыңнан 4,1 мың адамға дейін жеткен.
Мәселен, Жамбыл облысынан Астанаға 9,7 мың адам көшкен. Қызылорда облысынан елордаға 8 мың тұрғын қоныс аударса, Алматыға кеткендер саны екі есе аз – 4 мың адам.
Түркістан облысынан Алматыға 10,4 мың адам көшкен. Ал Жетісу облысынан Алматыға 10,2 мың, көршілес Алматы облысына 8,3 мың адам қоныс аударған.
Дегенмен халық саны тек үш мегаполисте ғана өскен жоқ. Алматы облысында ішкі көші-қон есебінен тұрғындар саны 8,3 мың адамға, Ақмола облысында 5,5 мың адамға артқан.
Ауылдан қалаға көшу бәсеңдеген
Биыл тоғыз айда қалаларға 983,1 мың адам көшіп келсе, 896,3 мың адам басқа жаққа кеткен. Осылайша, қала халқы ішкі көші-қон есебінен 86,8 мың адамға көбейген.
Бірақ бұл көрсеткіш былтырғыдан төмен. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде қалалардағы көші-қон өсімі 105,4 мың адам болған.
Ауылдық жерлерге 421,1 мың адам көшіп келгенімен, 507,9 мың адам басқа жаққа қоныс аударған. Соның нәтижесінде ауыл халқы 86,8 мың адамға азайған.
Жалпы, соңғы 10 жылда Қазақстанда ел ішінде қоныс аударатындар саны үш еседен астам өскен. 2016 жылдың тоғыз айында 386,1 мың адам көшсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 825,9 мыңға жеткен. Ал 2020–2022 жылдары 580–590 мың адам шамасында болған.
2023 жылдан бастап ішкі көші-қон қайта жанданып, 2024 жылы өсім 47,4%-ға жеткен. 2025 жылы өсім 22,8%-ға, ал биыл 5,8%-ға дейін баяулаған.
Соңғы жаңалықтар