Ақтөбеде кәсіпкерді өлтірді деген күдікпен көршісі ұсталды
Ақтөбеде 49 жастағы кәсіпкердің өліміне қатысты жаңа дерек белгілі болды. Қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған ер адам марқұмның көршісі болуы мүмкін. Полиция оны оқиғадан екі күн өткен соң қолға түсірген, деп хабарлайды Politico.kz.
Қылмыс 16 қарашада Ғазиза Жұбанова көшесіндегі жеке үйлердің бірінде болған. Кәсіпкердің өлімінен кейін күдіктіні іздеуге ІІМ орталық аппаратынан тәжірибелі жедел уәкілдер тартылған.
Ақтөбе облыстық Полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын растады.
«Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері кәсіпкерді өлтірді деген күдіктіні анықтап, ұстады. Ол Ақтөбе қаласының тұрғыны, Қазақстан азаматы болып шықты. Тергеу барысы ІІМ бақылауында», – деп мәлімдеді полиция.
Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторында отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, ол марқұмның көршісі болған. Алайда полиция әзірге күдіктінің қалай ұсталғанын және қылмысқа не себеп болғанын ашып айтпады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде қаза тапқан кәсіпкердің жанармай құю станциялары желілерінің бірін басқарғаны жазылған. Сондай-ақ күдікті қылмыс орнынан марқұмның көлігімен қашып кеткен деген ақпарат тарады. Бірақ бұл мәліметтердің ешқайсысы ресми түрде расталмаған.
Айта кетейік, Абай облысында із-түссіз жоғалған кәсіпкердің өлі денесі табылған еді.
Соңғы жаңалықтар