Қарағандыда сауда үйінен 40 жастағы ер адамның мәйіті табылды

Қарағандыда сауда үйінен 40 жастағы ер адамның мәйіті табылды
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қарағандыдағы сауда үйлерінің бірінде 40 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Оқиға туралы ақпаратты Қарағанды облыстық полиция департаменті растады, деп хабарлайды Politico.kz.

Полицияның мәліметінше, қайғылы жағдай 16 қарашада болған. Алдын ала болжам бойынша, ер адам өзіне-өзі қол жұмсаған болуы мүмкін.

Сауда үйі қызметкерлерінің айтуынша, марқұмның денесі сағат 18:00 шамасында ғимараттың екінші қабатынан табылған. Алдымен техникалық қызметкерлер ана мен бала бөлмесіне кіре алмай, күзетшілерді көмекке шақырған.

Оқиға орнына келген қызметкерлер бөлме ішінен ер адамның өлі денесін анықтаған.

Сондай-ақ сауда үйінің өкілдері бұл азаматтың оқиғаға дейін бірнеше күн бойы ғимарат ішінде жүргенін жеткізді. Олардың сөзінше, күзет қызметі оған сауда үйінен шығу жөнінде бірнеше рет ескерту жасаған.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Түпкілікті шешім тергеу нәтижелері бойынша қабылданады, деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу