Астана маңында апалы-сіңілі жасөсіпірім екі қыз суға батып кетті
Астана маңында апалы-сіңілі жасөсіпірім екі қыз суға батып, көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға 10 тамызда Қоянды ауылындағы су қоймасының орталық жағажайында болған.
Желіде тараған ақпарат бойынша апалы-сіңілі 2015 және 2017 жылы туған екі қыз орталық жағажайда болған.
Бір сәтте ата-анасы балаларынан көз жазып қалған. Қыздарды ата-анасы құтқарушылармен бірге іздеп, кейін екеуін де су астынан тапқан. Оларға алғашқы реанимациялық көмек көрсетілгенімен, балаларды аман алып қалу мүмкін болмаған.
Ақмола облысының полиция департаменті редакциямызға қыздардың көз жұмғанын растады.
«Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, 10 тамызда Қоянды ауылында орналасқан су қоймасының орталық жағажайында кәмелетке толмаған екі қыз суға батып кеткен», - деп хабарлады полиция тілшімізге.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.
Соңғы жаңалықтар